«Жақсы соққы алдық әрі масқара болдық»: Уразбахтин – «Тобылдан» жеңілгені туралы
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ҚПЛ-дың 26-турында командасының «Тобылдан» (1:4) жеңілгені туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бас бапкер ойсырата жеңілгені үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, команданың бұл соққыға төтеп бере алмағанын атап өтті.
«Мұнда айтарлықтай түсініктеме берудің қажеті жоқ. Бүгін біз жақсы соққы алдық әрі өте қатты масқара болдық. Жеңіліске толықтай өзім жауап беремін, өйткені ішкі түйсігім құрамда кейбір өзгерістер жасау керектігін айтып тұрды. Бірақ мен «жеңіске жеткен құрам өзгертілмейді» деген стереотипке еріп кеттім. Сондықтан бұл жеңіліске толықтай өзім жауаптымын.
Бірақ маңыздысы – соққыны қалай қабылдағаның емес, одан кейін күресті жалғастырасың ба, әлде шетке ығысып кетесің бе. Қалай болғанда да, бұл жеңіліс бізді күшейте түседі деп ойлаймын. Күресті жалғастырып, соңына дейін шайқасатынымызға уәде бере аламын. Қазір біз бұл туралы жігіттермен сөйлестік. Бұл – ауыр жеңіліс, бірақ бүгін қарсыласқа тым көп мүмкіндік бергенімізді мойындауымыз керек. Нәтижесі осы», – деп Уразбахтиннің сөзін kazfootball.kz келтіреді.
Айта кетейік, «Қайрат» «Тобылға» қарсы өз алаңындағы матчқа ҚПЛ көшбасшысы ретінде келген еді. Алайда күтпеген жеңілістен кейін бірінші орыннан айырылды. Қолданыстағы чемпионның басты қарсыласы «Ордабасы» осы демалыс күндері «Астананы» 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде алматылықтарды қайта басып озды.