ҚХЛ: СКА – «Барыс» матчының бейнешолуы
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында Санкт-Петербургтің СКА командасын сырт айдында жеңді. 27 қарашада Санкт-Петербургте өткен нәтижелі кездесу қазақстандық клубтың 7:4 есебімен жеңіске жетуімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Михаил Кравец шәкірттері қыркүйекте Астанада жіберген есесін (3:5) қайтарып қана қоймай, СКА-мен өткен өзара кездесулердегі қатарынан тоғыз жеңілістен тұратын сериясын тоқтатты. Бұған дейін қазақстандық команда петербургтік клубты 2021 жылдың қазан айынан бері жеңе алмай келген еді.
Кездесудің тоғызыншы минутында Егор Савиков мұз айдыны иелерін алға шығарды. Алайда араға 58 секунд салып, Тайсс Томпсон сан басымдығын тиімді пайдаланып, есепті теңестірді. Артынша Асанәлі Сәркенов астаналықтарды алға шығарса, үзіліске аз уақыт қалғанда Василий Глотов таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде Джейк Масси мен Әлихан Өмірбековтің шайбаларының арқасында «Барыс» екі шайба айырмасымен алға шықты. Ал соңғы жиырма минуттықта Сәркенов дубль авторы атанса, Самат Данияр мен Всеволод Логвин қазақстандық команданың соққан шайбаларының санын жетіге жеткізді.
Айта кетейік, бұл кездесуде Владислав Нұрек ҚХЛ-дағы алғашқы ойынын өткізді. Елордалық клубтың негізгі екі қақпашысы сырқаттанып қалғандықтан, Нұрекке өзін көрсетуге мүмкіндік берілді.
Осы жеңістің арқасында «Барыс» 31 кездесуде 33 ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде жетінші орынға көтерілді. Осылайша астаналықтар плей-офф аймағына қайта оралды.
Қазақстандық команда келесі кездесуін 29 қарашада Нижнекамскіде «Нефтехимикке» қарсы өткізеді.
Назарларыңызға СКА – «Барыс» матчының бейнешолуын ұсынамыз: