locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан Өзбекстанда қанша алтын медаль жеңіп алады? Сарапшы Боксшылар кубогының жеребесін талдады

Қайсар Ахметұлы Ташкенттегі Боксшылар кубогында қазақстандық боксшылардың алтын алу мүмкіндігін бағалады
Бокс
ФОТО: KBF

Өзбекстанның Ташкент қаласында World Boxing ұйымының қамқорлығымен өтетін бокстан 2026 жылғы әлем кубогының финалдық кезеңіне жеребе тартылып, қазақстандық боксшылар алғашқы қарсыластарын білді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қазақстан құрамасының төрт өкілі жарысты ширек финалдан бастайды. Ал Сұлтанбек Айбарұлы мен Дәулет Төлемісов турнирдің жартылай финалына жолдама алып, кем дегенде қола медальға кепілдік жасады.

Жеребе қорытындысы бойынша сарапшы әрі бокс бапкері Қайсар Ахметұлы Sports24.kz тілшісіне әр қазақстандық боксшының турнирлік жолын талдап, алтын медальға үміткерлерді атады және спортшыларымыздың Өзбекстан құрамасы өкілдерімен ықтимал жекпе-жектердегі мүмкіндігін бағалады.

50 кг. «Сабит алғашқы жекпе-жектің өзінде жеңіліп қалуы мүмкін»

50 келіге дейінгі салмақта Даниял Сабит ширек финалда Өзбекстан құрамасының өкілі Шодиержон Меликузиевпен кездеседі. Ахметұлының пікірінше, қазақстандық боксшы жекпе-жектің басынан-ақ қарсыласына өз тактикасын таңуы керек, әйтпесе алғашқы айқастан кейін турнирдегі жолын аяқтап қалуы мүмкін.

“Ташкенттегі Боксшылар кубогы өзбек боксшыларының өз күшіне сенімін арттыратын жай ғана турнирге айналған сияқты.
50 келіге дейінгі салмақта бізді бірден Даниял Сабит пен өзбекстандық Шодиержон Меликузиевтің жекпе-жегі күтіп тұр. Даниял жекпе-жек басында-ақ қарқын ала алмаса, оған қиын болады деп ойлаймын. Ол алғашқы айқастың өзінде жеңіліп қалуы мүмкін”, - деді Ахметұлы.

70 кг. «Тоқтасынов финалға шығады дегенге 95 пайыз сенімдімін»

Фарух Тоқтасынов Боксшылар кубогындағы жолын қырғыз боксшысы Ихтиёр Нишиновпен өтетін ширек финалдық жекпе-жектен бастайды. Сарапшы қазақстандықты финалға шығуға басты үміткерлердің бірі санайды әрі Тоқтасыновтың алтын медаль жеңіп алуы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.

“70 келіге дейінгі салмақта Фарух, бұрын айтқанымдай, 95 пайыз ықтималдықпен финалға шығады. Онда өзбекстандық боксшымен кездеседі. Қарсыласына өз қарқынын таңа алса, жеңіске жетіп, чемпион атануға әбден қауқарлы деп ойлаймын”, - дейді маман.

75 кг. «Қонысбеков Өзбекстанда өзін көрсетуге ынталы, кезінде ол жақта оған үкім шығарғандай болған»

Ахметұлы алтын медальға басты үміткерлердің бірі ретінде ширек финалда ресейлік Сергей Сергеевпен кездесетін Аман Қонысбековті атады.

Сарапшының пікірінше, қазақстандық боксшының мәнерлік ерекшеліктері оған ресейлік бокс мектебінің өкілімен айқаста жеңіске жетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Қонысбековке бұрын Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсеткені де ерекше жігер беруі мүмкін.

“75 келіге дейінгі салмақта Аман Қонысбеков чемпион болады деп ойлаймын. Алғашқы жекпе-жегінде ол өз құрамасының бірінші нөмірлі боксшысы емес ресейлікпен кездеседі, сондықтан оны жеңуге болады.
Оның үстіне, Аманның бокс мәнері ресейлік боксшыларға қарсы айқасқа өте қолайлы. Қонысбеков чемпион атанса, Астанада өтетін үйдегі әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады деп ойлаймын.
Сондай-ақ Аман кезінде Өзбекстанда өзіне сенім артпаған жерде өзін көрсетуге ерекше ынталы”, - деді Ахметұлы.

80 кг. «Сейлхан Умматәлиевтен басым түссе, таңғалмаймын»

80 келіге дейінгі салмақта Өнер Сейлхан ширек финалда қырғызстандық Алмаз Орозбековпен кездеседі. Жеңіске жетсе, қазақстандық боксшы өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматәлиевке қарсы шығуы мүмкін.
Ересектер деңгейіндегі тәжірибе айырмашылығына қарамастан, Ахметұлы жас қазақстандық турнирдің ең үлкен сенсацияларының бірін жасай алатынын жоққа шығармайды.

“Өнер қырғыз боксшысын жеңеді деп ойлаймын, бірақ жартылай финалда оны өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматәлиев күтіп тұр.
Төрешілер өзбекстандық боксшыға бүйрегі бұрса да, Өнер өзін көрсетіп, жақсы өнер көрсете алады. Ол тіпті Жавохирден басым түссе де, таңғалмаймын”, - деп атап өтті сарапшы.

85 кг. «Айбарұлы екеуін де еш қиындықсыз жеңеді»

Жеребе нәтижесінде Сұлтанбек Айбарұлы жарысты бірден жартылай финалдан бастайды. Оның алғашқы қарсыласы — ресейлік Идар Занилов пен өзбекстандық Норбек Абдуллаев арасындағы ширек финалдық жекпе-жектің жеңімпазы.

Жеребе тартылмай тұрып-ақ Айбарұлын Қазақстанның алтын медальға басты үміті деп атаған Ахметұлы турнирлік жолмен танысқаннан кейін де өз пікірін өзгертпеді.

“Сұлтанбек Айбарұлы 85 келіге дейінгі салмақта бірден жартылай финалға шықты. Онда өзбекстандық және ресейлік боксшылар жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бірақ Сұлтанбек екеуін де еш қиындықсыз жеңеді деп ойлаймын.
Бұрын болжағанымдай, Сұлтанбек бұл турнирде чемпион атанады”, - деді маман.

90 кг. «Жаңа салмақта Төлемісовтің Исроиловқа қарсы мүмкіндігі жоғарырақ»

Жарысты бірден жартылай финалдан бастайтын тағы бір қазақстандық боксшы — Дәулет Төлемісов. Оның алғашқы қарсыласы Үндістан өкілі Харш Чаудхари болады.
Төлемісов жартылай финалда жеңіске жетсе, көрермендер қазақстандық боксшы мен өзбекстандық әлем чемпионы Ақмолжон Исроиловтың үшінші кездесуін тамашалауы мүмкін. Бұған дейін боксшылар 85 келіге дейінгі салмақта екі рет кездесіп, жеңістермен алмасты.
Ахметұлының пікірінше, ауырлау салмақ дәрежесіне ауысу қазақстандық боксшыға тиімді болуы мүмкін. Дегенмен сарапшы ықтимал финалдың фавориті ретінде Өзбекстан өкілін атайды.

“Дәулет те жартылай финалға шықты. Үнді боксшысын жеңіп, финалда өзбекстандық әлем чемпионы Ақмолжон Исроиловпен кездеседі деп ойлаймын.
Қазір олардың өзара кездесулеріндегі есеп — 1:1. Соңғы жекпе-жекте Исроилов қысым көрсетуінің арқасында жеңіске жетті. Алайда енді екеуі де 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді, сондықтан аяқпен жақсы жұмыс істеп, жылдамдығын пайдалана білетін Дәулеттің бұл салмақта мүмкіндігі жоғарырақ болады деп есептеймін. Соған қарамастан, фаворит — өзбекстандық Исроилов”, - деп түйіндеді Ахметұлы.

Ташкенттегі бокстан 2026 жылғы әлем кубогы: қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары

50 кг, ширек финал
🇰🇿 Даниял Сабит – 🇺🇿 Шодиержон Меликузиев (Өзбекстан)
70 кг, ширек финал
🇰🇿 Фарух Тоқтасынов – 🇰🇬 Ихтиёр Нишинов (Қырғызстан)
75 кг, ширек финал
🇰🇿 Аман Қонысбеков – 🇷🇺 Сергей Сергеев (Ресей)
80 кг, ширек финал
🇰🇿 Өнер Сейлхан – 🇰🇬 Алмаз Орозбеков (Қырғызстан)
85 кг, жартылай финал
🇰🇿 Сұлтанбек Айбарұлы – 🇷🇺 Идар Занилов (Ресей) / 🇺🇿 Норбек Абдуллаев (Өзбекстан) жұбының жеңімпазы
90 кг, жартылай финал
🇰🇿 Дәулет Төлемісов – 🇮🇳 Харш Чаудхари (Үндістан)

Еске салайық, бокстан 2026 жылғы әлем кубогының финалдық кезеңі 28 қараша мен 4 желтоқсан аралығында Ташкентте өтеді. Турнирде Қазақстан құрамасының атынан алты боксшы өнер көрсетеді.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie