locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Чемпиондықтан еурокубоктағы тарихи голға дейін: Еркін Тапалов «Қайраттан» кетті

«Қайрат» Қазақстан құрамасының қорғаушысы Еркін Тапаловтың командадан кеткенін ресми түрде жариялады
Футбол
Чемпиондықтан еурокубоктағы тарихи голға дейін: Еркін Тапалов «Қайраттан» кетті
ФОТО: Қайрат ФК

Алматылық «Қайрат» тәжірибелі футболшыларының бірімен қоштасты. Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Еркін Тапалов келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты командадан кетті, деп хабарлайды Sports24.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Футболшы Алматыдағы екі жылдық мансабын аяқтады. Осы уақыт аралығында ол екі жүлде иеленіп, Қазақстан футболының еуропалық аренадағы тарихи жетістіктеріне үлес қосты.

Тапалов 2025 жылдың басында Қостанайдың «Тобылынан» «Қайратқа» ауысқан болатын. Алматылық клуб сапында қорғаушы Қазақстан чемпионы атанып, ел Суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ команданың өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасы мен Конференция лигасының жалпы кезеңіне шығуына көмектесті.

33 жастағы футболшы алматылық ұжым сапында барлық турнирді қосқанда 68 матч өткізіп, екі гол соқты және жеті нәтижелі пас берді. 2026 жылғы маусымда оның еншісінде 40 кездесу мен бес нәтижелі пас бар.

Тапалов «Қайрат» сапындағы соңғы кездесуін 26 қарашада Конференция лигасының жалпы кезеңінің төртінші турында швециялық «Мьельбюге» қарсы өткізді. Матчтың 14-минутында қорғаушы қарсылас қақпасын дәл көздеп, кездесудегі жалғыз голдың авторы атанды. Дәл осы гол алматылықтарға еурокубоктардың негізгі кезеңіндегі алғашқы тарихи жеңісін сыйлады.

«Ақжайықтан» Чемпиондар лигасына дейін

Тапалов кәсіби мансабын 2011 жылы Оралдың «Ақжайық» клубында бастады. Үлкен футболдағы алғашқы жылдарының басым бөлігін осы командада өткізген қорғаушы 2015 жылы ұжыммен бірге Қазақстанның Бірінші лигасында жеңімпаз атанды.

Әр жылдары футболшы Талдықорғанның «Жетісу», Ақтаудың «Каспий», Қарағандының «Шахтер», Түркістанның «Тұран» және Петропавлдың «Қызылжар» клубтарында өнер көрсетті.

«Қайратқа» ауысар алдында Тапалов Қостанайдың «Тобыл» командасының намысын қорғап, 2024 жылы Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. Сол маусымда футболшы Қазақстан Премьер-лигасында 19 матч өткізіп, екі гол соқты және үш нәтижелі пас берді.

Тапалов Қазақстан ұлттық құрамасындағы алғашқы кездесуін 2019 жылдың 21 ақпанында Молдоваға қарсы жолдастық матчта (1:0) өткізді. Содан бері қорғаушы елдің бас командасы сапында 27 кездесуге қатысты.

Айта кетейік, Sports24.kz қыркүйек айында-ақ Тапаловтың «Қайраттан» кететінін және футболшының мансабын Қазақстан Премьер-лигасының бірнеше клубында жалғастыру мүмкіндігі бар екенін хабарлаған еді. Алайда оның жаңа командасы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұған дейін Еркін Тапалов Sports24.kz тілшісіне берген сұқбатында алматылық клубтан кететінін растап, команда сапындағы соңғы кездесуінде еурокубокта жеңіс голын соққанына қуанышты екенін жеткізген болатын.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie