«Керемет қақпашы». «Мьельбю» ойыншысы «Қайраттан» жеңілгеннен кейін Анарбеков туралы пікір білдірді
Швециялық «Мьельбю» командасының жартылай қорғаушысы Йеппе Кьер Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі матчта командасы жеңілгеннен кейін «Қайрат» қақпашысы Темирлан Анарбековтің өнеріне баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда «Қайрат» пен «Мьельбю» кездесіп, алматылық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті. 14-минутта Еркин Тапалов соққан гол матчтағы жалғыз гол болды.
Матчтың басты қаһармандарының бірі Темирлан Анарбеков болды. «Қайрат» қақпашысы қарсыластың бірнеше қауіпті соққысын қайтарып, командасын талай рет құтқарды әрі қақпасына гол жібермеді.
Матч аяқталған соң «Мьельбюдің» даниялық вингері Йеппе Кьер қазақстандық қақпашының ойынына арнайы тоқталды.
«Оның еңбегін мойындау керек. Керемет қақпашы. Бұл матчтан көптеген жақсы тұстарды түйе аламыз деп ойлаймын. Бірақ, әрине, жасаған мүмкіндіктеріміздің кем дегенде біреуін, тіпті бірнешеуін пайдалануға тиіс едік», - деп футболшының сөзін Blekinge Läns Tidning келтіреді.
Еске салайық, «Мьельбюді» жеңу «Қайрат» үшін Конференциялар лигасының осы маусымдағы жалпы кезеңіндегі алғашқы жеңіс болды. Төрт турдан кейін алматылықтар бес ұпай жинады.
SofaScore «Қайрат» пен «Мьельбю» матчында Анарбековке ең жоғары баға қойды