locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Челсидің» бұрынғы бас директоры «Ордабасының» болашағы туралы пікір білдірді

Марина Грановская Бейбіт Әлібековпен кездесуде «Ордабасының» мүмкіндіктерін бағалады
Футбол
ФОТО: Getty images

Қазақстандық кәсіпкер әрі шымкенттік «Ордабасының» амбассадоры Бейбіт Әлібеков лондондық «Челсидің» бұрынғы атқарушы директоры Марина Грановскаямен кездесті. Әңгіме барысында тараптар қазақстандық клубтың трансферлік саясатын талқылады. Ал Әлібеков тәжірибелі футбол менеджерінің өзіне тәлімгер болғанын қалайтынын жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Әлібековтің айтуынша, Грановская шымкенттік клуб өкілдеріне футболшылармен келісімшарт жасау және команданың жұмысын ұйымдастыру жөнінде бірнеше кеңес беріп үлгерген.

«Маринаны футбол саласындағы тәлімгерім болуға көндіріп жүрмін. Өйткені ол әңгіме барысында бізге керемет кеңестер беріп жатыр. «Неліктен ойыншылармен осылай келісімшарт жасайсыздар? Неге дәл осылай әрекет етесіздер?» деген сұрақтар қойып жатыр. Марина, бір күні менің тәлімгерім боласыз деп үміттенемін», - деді Әлібеков.

«Әлі де көп нәрсені үйренулеріңіз керек сияқты», - деп жауап берді Грановская.

Әлібеков қазақстандық клубтың трансфер нарығындағы кейбір әрекеттері «Челсидің» бұрынғы басшысын таңғалдырғанын жасырмады.

«Бірақ мен де дәл осындай дағдылармен бастадым, сондықтан сіздер үшін мұның бәрі…», - деді Грановская.

«Егер сіз де осылай бастаған болсаңыз, бәлкім, біз де үлкен жетістікке жетерміз», - деп сөзін жалғады Әлібеков.

«Менің бастапқы деңгейім бұдан да төмен болған, сондықтан сіздер міндетті түрде үлкен жетістікке жетесіздер», - деді Грановская.

Марина Грановская Роман Абрамовичтің «Челсиді» басқарған кезеңіндегі ең ықпалды футбол менеджерлерінің бірі саналады. Ол 2013-2022 жылдар аралығында лондондық клубтың басшылық құрамында болып, трансферлік саясатқа, футболшылармен келіссөз жүргізуге және келісімшарт жасауға жауап берді. Оның қатысуымен ағылшын клубы Н’Голо Кантені қатарға қосып, Жозе Моуриньюді командаға қайтарды, сондай-ақ Эден Азарды мадридтік «Реалға» сатты. 2021 жылы Tuttosport басылымы Грановскаяны Еуропаның үздік футбол менеджері деп таныды.

ФОТО: Getty images

Ал «Ордабасы» жаңа маусым қарсаңында құрамын күшейтуді жалғастырып жатыр. Шымкенттіктер жазда Норвегия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Бьорн Йонсенмен келісімшарт жасаса, чемпионат аяқталғаннан кейін Украина құрамасының қанаттағы шабуылшысы Алексей Гуцулякты қатарға қосты. Украиналық футболшының нарықтық құны үш миллион еуроға бағаланады. Ол қазіргі таңда Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншы саналады. Гуцуляктың клубпен келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін есептелген.

Команданың бапкерлер штабында да өзгеріс болды. Андрей Мартиннің орнына бұған дейін «Юнион», германиялық «Шальке» және франциялық «Реймс» клубтарында жұмыс істеген бельгиялық маман Карел Герартс тағайындалды.

Еске салайық, 2026 жылғы маусымда «Ордабасы» өз тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионаты мен ел Кубогын қатар жеңіп алып, алтын дубль жасады. Енді шымкенттік клубты 2027 жылдың жазында Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі күтіп тұр.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie