WADA басшысы Ясмина Тоқсанбаеваның 2026 жылғы Азия ойындарының алтынынан айырылуына қатысты пікір білдірді
Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банька Жапонияда өткен Азия ойындарында спорттық аяқ киімінің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты алтын медалінен айырылған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астанада өткен баспасөз мәслихатында WADA басшысы қазақстандық спортшыға жанашырлық танытып, алайда мұндай мәселелерді қарау допингке қарсы агенттіктің құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
«Шынымды айтсам, оған жаным ашиды. Алайда бұл жағдайдың допингке қатысы жоқ. Қазақстанға алдыңғы сапарымда да маған осы сұрақ қойылғаны есімде. Бұл мәселенің елде үлкен дау туғызып, қоғамда кеңінен талқыланғанын білемін. Дегенмен бұл жағдайға қатысты пікір білдіре алмаймын, өйткені оның WADA-ның допингке қарсы саясатына еш қатысы жоқ. Бұл мәселе халықаралық федерацияның құзыретіне жатады және сол ұйымның өз ережелері мен рәсімдеріне сәйкес реттеледі», – деді Банька.
Еске салайық, Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында Тоқсанбаева марафондық спорттық жүріс сайысында мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен еді. Алайда жарыс аяқталғаннан кейін спорттық жабдықтарды тексеру нәтижесінде қазақстандық жеңісінен айырылды.
Спортшының нәтижесін жоюға оның аяқ киімі себеп болды. Тексеру барысында кроссовка табанының қалыңдығы Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығының (World Athletics) регламентінде белгіленген шектен 3,5 миллиметрге асып кеткені анықталды.
Қазақстан тарапы бұл шешіммен келіспеді. Кейіннен Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Спорттық арбитраж сотына (CAS) апелляциялық шағым түсірді.