СКА қақпасына жеті шайба: «Барыс» Санкт-Петербургте жарқын жеңіске жетті
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті сырт алаңдағы сериясын сәтті бастады. Санкт-Петербургте Михаил Кравец шәкірттері жергілікті СКА-ны 7:4 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Командалар бірінші кезеңнің өзінде-ақ нәтижелі хоккей көрсетті. Тоғызыншы минутта Егор Савиков алаң иелерін алға шығарды, бірақ бір минутқа жетпей Тайсс Томпсон сан басымдығын сәтті пайдаланып, есепті теңестірді. Көп ұзамай Асанали Саркенов астаналықтарға басымдық әперді, алайда үзіліске дейін Василий Глотов таразы басын қайта теңестірді.
Кездесудің шешуші бөлігі екінші кезең болды: қазақстандық клуб қарсылас қақпасына екі шайба соғып, өз қақпасын голдан аман сақтады. Шайба авторлары — Джейк Масси мен Әлихан Өмірбеков.
Қорытынды кезеңде «Барыс» басымдығын одан әрі арттырды. 54-минутта Саркенов дубль жасап, артынша петербургтіктер есеп айырмасын екі шайбаға дейін қысқартты. Алайда Самат Данияр мен Всеволод Логвин 45 секунд аралықпен гол соғып, кездесудің жеңімпазы кім болатынына қатысты күмәнді сейілтті. СКА-ның соңғы шайбасы ойын нәтижесіне әсер еткен жоқ.
ҚХЛ. Тұрақты чемпионат
СКА – «Барыс» – 4:7 (2:2, 0:2, 2:3)
Шайбалар: 1:0 – Савиков (08:41) 1:1 – Томпсон (09:39); 1:2 – Саркенов (13:43); 2:2 – Глотов (18:08); 2:3 – Масси (26:54); 2:4 – Өмірбеков (39:32); 2:5 – Саркенов (53:13) 3:5 – Нұғманов (54:17); 3:6 – Данияр (55:24); 3:7 – Логвин (56:09); 4:7 – Дишковский (59:32).
Осылайша, «Барыс» қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін астаналықтар өз айдынында череповецтік «Северстальді» (2:1) ұтып, үш матчқа созылған жеңіліс сериясын тоқтатқан болатын.
СКА-ны жеңгеннен кейін қазақстандық клубтың еншісінде 31 матчтан кейін 33 ұпай бар. Михаил Кравец командасы Шығыс конференциясының плей-офф аймағына шығу үшін күресін жалғастыруда.
«Барыс» келесі матчын 29 қарашада Нижнекамскіде жергілікті «Нефтехимикке» қарсы өткізеді.