СКА-ны жеңген «Барыстың» ҚХЛ турнирлік кестесіндегі орны белгілі болды
Астаналық «Барыс» Санкт-Петербургтің СКА командасын сырт айдында жеңіп, Құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясындағы турнирлік жағдайын жақсартты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Санкт-Петербургте өткен кездесу Михаил Кравец шәкірттерінің 7:4 есебімен жеңіске жетуімен аяқталды. Бірінші кезеңде есепте ұтылып жатқан қазақстандық клуб ойын барысын өз пайдасына өзгерте алды. Ал соңғы жиырма минуттықта астаналықтар үш минутқа жетпейтін уақыт ішінде қарсылас қақпасына үш шайба соқты.
Осы жеңістің арқасында «Барыс» 31 кездесуде 33 ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде тоғызыншы орыннан жетінші сатыға көтерілді. Осылайша елордалық команда плей-офф аймағына қайта оралды.
Дегенмен үздік сегіздікке ену жолындағы бәсеке әлі де қызу жүріп жатыр. Сегізінші және тоғызыншы орындарда тұрған Уфаның «Салават Юлаев» және Қазанның «Ак Барс» командалары да 33 ұпайдан жинаған. Ал төртінші сатыдағы Хабаровскінің «Амур» клубынан қазақстандық ұжымды небәрі бір ұпай бөліп тұр.
«Барыс» келесі кездесуін 29 қарашада Нижнекамск қаласында өткізеді. Астаналықтардың қарсыласы – қазіргі уақытта Шығыс конференциясының үздік үштігін түйіндеп тұрған «Нефтехимик» командасы.
