АҚШ-та ӘЧ-2026 кезінде испан тілін қолдануға тыйым салынды
ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатында тілге қатысты даудың ортасында қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бразилия мен Марокко құрамаларының баспасөз мәслихаттарында журналистерге футболшыларға испан тілінде сұрақ қоюға рұқсат берілмеді. Бұл шешім көптеген ойыншылардың испан тілін еркін меңгергеніне қарамастан қабылданған.
Ең көп талқыланған жағдай Марокко құрамасының капитаны Ашраф Хакимимен байланысты болды. Журналистердің бірі қорғаушыға испан тілінде сұрақ қойған кезде, модератор баспасөз мәслихатының регламентіне сілтеме жасап, сұрақты тоқтатты.
Хакими мұндай шешімге таңданысын жасырмады. Ол испан тілін толық түсінетінін айтып, қажет болған жағдайда испанша да, ағылшынша да жауап беруге дайын екенін жеткізді.
Бұл жағдай Бразилия құрамасының көшбасшысы Винисиус Жуниордың төңірегінде де қызу талқыға түсті. «Реалдың» шабуылшысы бірнеше жылдан бері Испанияда тұрады және испан тілінде еркін сөйлейді. Алайда журналистерге оған да испан тілінде сұрақ қоюға мүмкіндік берілмеді.
БАҚ мәліметінше, ұйымдастырушылар баспасөз мәслихаттарында тек ағылшын тілін қолдануға рұқсат берген. Бұл шешім аударма мен ресми іс-шараларды өткізу талаптарымен түсіндірілген. Дегенмен әлем чемпионатына қатысушылар арасында испан тілінің кең таралуын ескерген жанкүйерлер мен журналистер бұл шектеуді түсінбей отыр.
Оқиғаға деген қызығушылықтың артуына турнирдің АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатқаны да әсер етті. Испан тілі Солтүстік Америкадағы ең кең таралған тілдердің бірі саналады, ал АҚШ-та бұл тілде ондаған миллион адам сөйлейді.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы турында Бразилия мен Марокко құрамалары 1:1 есебімен тең түсті.