Сәтпаев «Қайраттың» 62 жастағы жанкүйеріне ерекше сыйлық жасады
Алматылық «Қайрат» клубы мен команда шабуылшысы Дастан Сәтбаев клубтың ең жанкешті жанкүйерлерінің бірі Дмитрий Чекаевқа ерекше тосынсый жасады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жанкүйердің 62 жасқа толуына орай Сәтпаев оны арнайы құттықтап, сыйлықтар табыстады. Олардың қатарында футболшының қолтаңбасы мен жылы лебізі жазылған жейде, мерекелік торт және басқа да естелік сыйлықтар болды.
Дмитрий Чекаевтың айтуынша, ол «Қайратқа» бала кезінен жанкүйер. Өскеменде тұрған кезінде-ақ алматылық клубтың ойындарын теледидардан жібермей көрген. Себебі сол кезеңде «Қайрат» КСРО чемпионатында Қазақстанның намысын қорғаған жалғыз клубтардың бірі еді. Ал 2006 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін команда матчтарына тұрақты түрде барып жүрген жанкүйерлердің қатарына қосылған.
Қазір Дмитрийді «Қайрат» жанкүйерлерінің көбі жақсы таниды. Ол футбол және футзал командаларының ойындарына жиі барып, әлеуметтік желілерде әсерімен бөлісіп отырады. Осылайша клуб өмірін тұрақты насихаттап жүрген белсенді жанкүйер ретінде танымал болды.
Туған күн иесі әлеуметтік желідегі жазбасында Дастан Сәтпаевқа ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс айтып, мұндай сыйлықтар мен жылы қарым-қатынастың өзі үшін үлкен қуаныш болғанын жеткізді.
Еске салайық, «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында «Атыраумен» 1:1 есебімен тең түсті. Қазіргі уақытта алматылық клуб 27 ұпаймен турнир кестесінің екінші сатысында тұр. Команданың келесі ойыны 17 маусым күні «Қызылжарға» қарсы өтеді.