locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Бұл енді тарих». Головкин Бокс даңқы залына ену қарсаңында пікір білдірді

Головкин Бокс даңқы залына ену қарсаңында өз әсерімен бөлісті
«Бұл енді тарих». Головкин Бокс даңқы залына ену қарсаңында пікір білдірді
ФОТО: Getty images

Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында өтетін Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдау рәсімі қарсаңында өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Аңызға айналған қазақстандық боксшының айтуынша, бұл оның спорттық мансабындағы ең маңызды мойындаулардың бірі.

«Бұл – үлкен мақтаныш. Себебі бұл енді тарих. Мұндай оқиға расымен де тарихи мәнге ие. Сен бокстың ресми аңызына айналып, осы спортты әлемге танытқан тұлғалармен бір қатарға тұрасың. Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді ұлы чемпиондармен бір деңгейде аталу – мен үшін өте үлкен мәртебе», – деді Головкин Kazinform.kz агенттігіне берген сұқбатында.

GGG сондай-ақ өмірінің басым бөлігін боксқа арнағанын және әлемдік бокс қауымдастығы тарапынан мойындалуды ерекше бағалайтынын айтты.

«Бокспен айналысқаныма 35 жылдан асты. Бұл менің өмір салтыма айналды десем болады. Қазір әлемдік бокстың элитасы мен бүкіл бокс қауымдастығы тарапынан мойындалу – спортшы үшін ең үлкен марапаттардың бірі», – деп қосты ол.

ФОТО: Getty images

Геннадий Головкин өз буынындағы ең үздік орта салмақтағы боксшылардың бірі саналады. Кәсіпқой рингте ол 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті. Оның 37-сін мерзімінен бұрын аяқтады.

Қазақстандық боксшы әр жылдары WBA, WBC, IBF, IBO және The Ring тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік былғары қолғап шеберлерінің қатарында болды.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында Головкин Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде енгізілді. Сонымен қатар, ол 2025 жылдың қараша айынан бері World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарып келеді.

Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қыркүйегінде Сауль Альвареске қарсы өткізіп, әйгілі трилогияның соңғы бөлімінде өнер көрсеткен болатын.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie