Головкин Даңқ залына қабылданар алдында Абель Санчеспен қайта кездесті
Геннадий Головкин бұрынғы бапкері Абель Санчеспен арадағы әріптестігі аяқталғаннан кейін қайта жүздесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жылы кездесу АҚШ-та қазақстандық аңыз боксшыны Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдау рәсімінің қарсаңында өтті. Алдағы салтанатты шараға арналған баспасөз мәслихатында сахнаға Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес пен көп жылдық промоутері Том Леффлер шықты. Екеуі де қазақстандық спортшымен құшақтасып амандасып, көпшіліктің көңілін толқытқан сәттердің біріне айналды.
Дәл Санчестің жетекшілігімен Головкин кәсіби мансабындағы ең жарқын кезеңдерін өткізді. Екі жақтың ынтымақтастығы 2010 жылы басталып, он жылға жуық уақытқа созылды. Осы аралықта қазақстандық боксшы орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың біріне айналып, бірнеше беделді титулды біріктіріп, әлемдік деңгейде танымал болды.
GGG-дің америкалық маманның жетекшілігімен өткізген соңғы жекпе-жегі 2018 жылдың қыркүйегінде мексикалық Сауль Альвареске қарсы екінші кездесуі болды. Сол айқаста Головкин төрешілердің көпшілік шешімімен жеңіліп, кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Сонымен қатар WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық белбеулерінен айырылды.
2019 жылдың көктемінде Головкин мен Санчес арасындағы әріптестік ресми түрде аяқталды. Кейін қазақстандық боксшы DAZN платформасымен ірі келісімшартқа қол қойып, мансабын басқа командамен жалғастырды.
Еске салайық, Геннадий Головкин 14 маусым күні ресми түрде Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанады. Салтанатты рәсім барысында жаңа мүшелерге арнайы естелік жүзіктер табысталып, олардың есімдері Даңқ залының тарихына мәңгілікке енгізіледі.
Головкин өз дәуірінің ең үздік орта салмақтағы боксшыларының бірі саналады. Кәсіби мансабында 45 жекпе-жек өткізіп, 42 жеңіске жетті. Оның 37-сін нокаутпен аяқтады. Қазіргі таңда қазақстандық World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады.
Бұған дейін Головкин Даңқ залына қабылданар алдындағы әсерімен бөліскен болатын. Оның айтуынша, бұл - мансабындағы ең үлкен жетістіктердің бірі әрі әлемдік бокс қауымдастығы тарапынан көрсетілген ең жоғары құрметтердің бірі.