«Астанадағы» Башичтің орнын басуы мүмкін ойыншы белгілі болды
Украиналық жартылай қорғаушы Юрий Вакулко мансабын «Астанада» жалғастырады, деп хабарлайды Sports24.kz.
TaToTake Telegram-арнасының мәліметінше, елордалық клуб 28 жастағы футболшымен 2027 жылдың соңына дейін келісімшарт жасау жөнінде келісімге келген.
Дереккөздің хабарлауынша, Вакулко жақын арадағы трансферлік кезеңде клубтан кетуі мүмкін Босния және Герцеговина құрамасының жартылай қорғаушысы Иван Башичтің орнын басуы тиіс.
Қазіргі уақытта Башич ұлттық құраманың сапында 2026 жылғы әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатыр. Турнирдің алғашқы турында босниялықтар Канада құрамасымен 1:1 есебімен тең түсті.
Украиналық футболшының соңғы клубы шымкенттік «Ордабасы» болды. Оның Қазақстан Премьер-лигасының қазіргі көшбасшысымен жасасқан келісімшарты 24 маусымда аяқталады. Осыдан кейін ойыншы басқа командаға ауыса алады.

Вакулко бұған дейін Украинаның «Днепр», Сербияның «Партизан», Киевтің «Арсенал», Латвияның «Рига» клубтарында және басқа да командаларда өнер көрсеткен.
Еске салайық, ҚПЛ-дің 12 турында «Астана» 19 ұпай жинап, турнирлік кестеде бесінші орында тұр. Өткен турда елордалық клуб 1:1 есебімен тең ойнады. Ал 14 маусым күні өз алаңында «Ертісті» қабылдайды.