«Ямаль GTA 6 ойнау үшін үйде қалды ма?» Бакуде де Йонгқа тосын сұрақ қойылды
«Барселонаның» жартылай қорғаушысы Френки де Йонг Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда Әзербайжанның «Сабах» клубына қарсы өтетін кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында тосын жағдайға тап болды. Журналистердің бірі Ламин Ямальдың Бакуге келмеуін танымал Grand Theft Auto бейнеойынының жаңа нұсқасының жарық көруімен байланыстырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қызықты оқиға баспасөз мәслихатының соңында, нидерландтық футболшы залдан шығуға жиналған сәтте болды.
«Ламин Ямальдың GTA ойнау үшін үйде қалып, Бакуге келмегені рас па?» – деп сұрады журналист.
Де Йонг алдымен сұрақты дұрыс естімей, журналистен оны қайталауын өтінді. Тосын сауалды естіген футболшы күлкісін жасыра алмай, залдан шығып бара жатып: «Әрине, жоқ», – деп жауап берді.
Футболшының реакциясы түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тез тарап, испаниялық БАҚ-тың назарын аударды. Баспасөз мәслихатындағы қызықты оқиға туралы AS, Mundo Deportivo және Cadena SER басылымдары жазды.
Мұндай әзілге GTA VI бейнеойынының жақында жарық көруі себеп болды. Rockstar Games компаниясының танымал ойынының жаңа нұсқасы алдыңғы бөлімі шыққаннан кейін 13 жыл өткен соң, 2026 жылдың 19 қарашасында көпшілікке ұсынылды.
Шын мәнінде, Ямальдың Әзербайжанға келмеуіне денсаулығы себеп болған. 19 жастағы испаниялық футболшының оң жақ тобығында жайсыздық пайда болғандықтан, «Барселонаның» бас бапкері Ханси Флик оған Испания чемпионатындағы алдағы кездесу алдында толық қалпына келу үшін қосымша уақыт беруді жөн көрген.
Баспасөз мәслихатында де Йонг та Ямальдың алаңға шықпауы каталониялықтардың ойынына әсер етуі мүмкін екенін мойындады. Дегенмен нидерландтық жартылай қорғаушы команда құрамында оның орнын басып, жеңіске жетуге көмектесетін шебер футболшылар жеткілікті екенін атап өтті.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төрт турдың қорытындысы бойынша «Барселона» тоғыз ұпаймен турнир кестесінде бесінші орында тұр. Ал қазақстандық қақпашы Стас Покатилов өнер көрсететін «Сабах» үш ұпаймен 31-орынға жайғасқан.
Кездесу 25 қарашада Баку Олимпиада стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 22:45-те басталады.
Бұған дейін Sports24.kz матч күні Бакуде көлік қозғалысының шектелуі мен автобус бағыттарының өзгеруіне байланысты жанкүйерлердің стадионға қалай жете алатынын жазған еді.