Қазақстандық жанкүйерлер Стас Покатиловты «Барселонаға» қарсы матчта қолдау үшін Бакуге аттанады
Қазақстандық жанкүйерлер ұлттық құраманың қақпашысы Стас Покатиловты Испанияның «Барселонасына» қарсы Чемпиондар лигасындағы матчта қолдау үшін Бакуге баруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әзербайжандық клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, алдағы матчқа әлемнің 74 елінен футбол жанкүйерлері билет сатып алған.
Олардың қатарында Еуропа, Азия, Америка, Таяу Шығыс және Африка елдерінің өкілдері бар. «Сабах» жариялаған матч афишасында Қазақстанның туы да бейнеленген.
Қазақстандық жанкүйерлердің қызығушылығы 33 жастағы Стас Покатиловтың Баку клубында өнер көрсетуіне байланысты. Клуб жарияланымының астындағы пікірлерде кейбір жанкүйерлер отандасын қолдау үшін арнайы Бакуге ұшып бара жатқанын жазды.
Қазақстандық қақпашы үшін алдағы кездесу Чемпиондар лигасындағы дебюттік маусымындағы тағы бір күрделі сынақ болмақ. Жалпы кезеңнің алғашқы төрт турында Покатилов алаңда 360 минуттың барлығын өткізіп, 22 сейв жасады. Сондай-ақ оның еншісінде бір «құрғақ» матч пен қайтарылған пенальти бар.
Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің бесінші турында өтетін «Сабах» пен «Барселона» арасындағы матч 25 қарашада Баку Олимпиада стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 22:45-те басталады.
Төрт турдан кейін әзербайжандық клуб үш ұпай жинап, жалпы кестеде 31-орында тұр. Тоғыз ұпайы бар «Барселона» бесінші сатыда келеді.