«Барселона» Ямальсыз Бакуге аттанды: Чемпиондар лигасында Покатиловқа қарсы кімдер ойнайды
«Барселона» Әзербайжанға негізгі ойыншыларының бірінсіз аттанды. Каталониялық клубтың 19 жастағы шабуылшысы Ламин Ямаль Чемпиондар лигасында қазақстандық қақпашы Стас Покатилов өнер көрсететін «Сабахқа» қарсы матчқа қатысатын футболшылар тізіміне енбеді. Дегенмен бас бапкер Ханс-Дитер Флик Бакуге негізгі құрамның басым бөлігін алып баруды жөн көрді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ямальдың сапардан тыс қалуына оң жақ тобығындағы жарақаты себеп болды. Футболшы Испания чемпионатындағы «Вильярреалға» қарсы жексенбілік кездесудің алдында-ақ жайсыздық сезінген. Соған қарамастан, жас шабуылшы алаңда 90 минут толық ойнап, командасының 3:2 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.
Каталониялық клуб бапкерлері футболшының денсаулығына тәуекел етпеуді ұйғарып, оны Барселонада қалдырды. Ямаль 29 қарашада Ла Лига аясында өтетін «Депортивоға» қарсы матчта алаңға оралады деп күтілуде.
Одан бөлек, Родри, Хави Эспарт және Андреас Кристенсен де жарақатына байланысты Бакуге бара алмайды.
Бірнеше футболшының қатардан шығуына қарамастан, Фликтің таңдау мүмкіндігі жеткілікті. Команда құрамына Педри, Гави, Френки де Йонг, Рафинья, Дани Ольмо және алдағы кездесудің тағдырын шешуге қабілетті өзге де ойыншылар енді.
«Барселонаның» толық құрамы:
Қақпашылар: Жоан Гарсия, Войцех Щенсны, Доминик Ливакович.
Қорғаушылар: Жоау Канселу, Алехандро Бальде, Пау Кубарси, Жерар Мартин, Жюль Кунде, Эрик Гарсия, Алекс Кампос.
Жартылай қорғаушылар: Брайан Фариньяс, Гави, Фермин Лопес, Педри, Дани Ольмо, Френки де Йонг, Марк Берналь.
Шабуылшылар: Габриэл Жезус, Рафинья, Карим Адейеми, Энтони Гордон, Джесси Бисиву.
«Барселона» Әзербайжанға соңғы кездесулердегі сәтті нәтижелерінен кейін аттанып отыр. Чемпиондар лигасының алдыңғы турында каталониялықтар өз алаңында Англияның «Астон Вилла» клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал оған дейін Францияның ПСЖ командасынан 2:4 есебімен жеңілген болатын.
Испания чемпионатында да Флик шәкірттерінің қарқыны жаман емес. «Алавесті» 6:1 есебімен тас-талқан еткен «Барселона» кейін мадридтік «Атлетиконы» 2:1 есебімен ұтты. Ал «Вильярреалмен» кездесуде екі доп айырмасымен ұтылып жатып, таразы басын өз пайдасына аударып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төрт турдан кейін «Барселонаның» еншісінде тоғыз ұпай бар. Каталониялық клуб турнир кестесінде бесінші орында тұр. Бакудегі жеңіс испаниялықтардың 1/8 финалға тікелей жолдама алу мүмкіндігін арттыра түседі.
Ал «Сабахтың» жағдайы әлдеқайда күрделі. Әзербайжандық ұжым төрт турда үш ұпай жинап, 31-орынға жайғасқан. Чемпиондар лигасындағы соңғы кездесулерінде команда Дортмундтың «Боруссиясынан» 1:2, ал Норвегияның «Викингінен» 1:4 есебімен жеңілді. Бұған дейін «Сабах» Праганың «Славиясын» 2:0 есебімен ұтқан еді.
Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл кездесудің маңызы ерекше. Өйткені «Сабах» сапында Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатилов өнер көрсетеді. Отандасымыздың Еуропадағы ең атақты әрі титулды клубтардың бірі «Барселонаға» қарсы ойнауға мүмкіндігі бар.
«Сабах» пен «Барселона» арасындағы кездесу 25 қарашада Бакудегі Олимпиада стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 22:45-те басталады.