«Аш футболшыны көрген емеспін»: Хамитов қазақстандық футболдың сәтсіздіктерінің себебін атады
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов отандық футболдың мәселелері туралы тағы да пікір білдірді. Спортшының айтуынша, жоғары жалақы мен мемлекеттік қаржыландыру ойыншылардың халықаралық аренада елеулі нәтижеге жетуге деген ынтасын төмендетеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Хамитов ММА файтерлерін мысалға келтіріп, жеңіске деген аштық спортшының табысқа ұмтылуына көп ықпал ететінін атап өтті.
«Өзің білесің ғой, файтер болу, спортта нәтиже көрсету үшін қандай болу керек? Аш болу керек, дұрыс па? Егер аш болмасаң, чемпион болмайсың. Мен аш футболшыны көрген емеспін. Бұл футболшылардың бойында жасанды түрде осы жеңіске деген аштықты оятпайынша, осы қаржының бәрін қысқартпайынша, нәтиже болмайды. Мемлекет оларды қолдап, біз де қолдауды жалғастыра берсек, футболымызда қиямет-қайымға дейін ешқашан нәтиже болмайды», - деді Хамитов.
Хамитов пен қазақстандық футбол өкілдерінің арасындағы текетірес бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2017 жылы «Астана» шотландиялық «Селтиктен» ірі есеппен жеңілгеннен кейін-ақ файтер кәсіби клубтарды мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландыруды тоқтатуға шақырған.
Футболшылар Найманның сынына бірнеше рет жауап берді. Мәселен, 2023 жылдың наурызында Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеуінде Данияны сенсациялық түрде 3:2 есебімен жеңгеннен кейін Рамазан Оразов, Максим Самородов, Ян Вороговский мен Сергей Малый файтерді әлеуметтік желіде белгілеп, оның бұрынғы сөздерін еске салды.
Іс жеке әңгімеге де ұласты. Ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Исламбек Қуат футболшыларға қатысты сынын талқылау үшін Хамитовқа телефон соқты. Кейін Найман отандық футбол өкілдерінің арасынан жекпе-жек өткізгісі келетіні - Исламбек екенін мойындады.
2025 жылғы ақпанда «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Ринат Джуматов та файтермен көпшілік алдында сөзге келді. Футболшы Хамитовты клоун деп атап, оған ММА өкілінен өткір жауап алды.
Биыл Найман ұлттық құраманы сынауын жалғастырды. Атап айтқанда, Қазақстан Ұлттар лигасында Молдоваға 1:2 есебімен ұтылғаннан кейін ол елдегі кәсіби футболды жауып, қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына бағыттауды тағы да ұсынды.