Бакуде «Сабах» – «Барселона» матчына байланысты көлік қозғалысы шектеледі: стадионға қалай жетуге болады
Әзербайжан астанасында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші тур аясында өтетін «Сабах» пен «Барселона» арасындағы кездесуге байланысты қоғамдық көліктердің қозғалыс бағыты өзгереді. Шектеулер Баку Олимпиада стадионы маңындағы көшелердің біріне енгізіледі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әзербайжанның жерүсті көлігі агенттігінің (AYNA) мәліметінше, 25 қарашада Ұлттық ынтымақ көшесінде автокөлік қозғалысы шектеледі. Осыған байланысты 18 автобус бағыты уақытша өзгереді.
Өзгерістер № 24, 107, 118А, 118В, 131, 139, 148, 162, 163, 166, 173А, 173В, 197, 198, 204, 216, 217 және М8 автобус бағыттарына қатысты.
Сабунчи көлік айрығы бағытында автобустар Ұлттық ынтымақ көшесінің қосалқы жолы, сондай-ақ Зия Буниятов пен Гейдар Әлиев даңғылдары арқылы қатынайды. Ал «Кероглу» көлік-ауысу торабына қарай қозғалыс Гейдар Әлиев даңғылы арқылы ұйымдастырылады.
Кездесуді стадионнан тамашалауды жоспарлаған жанкүйерлерге жол бағытын алдын ала анықтап, діттеген жеріне ертерек жетуге кеңес беріледі.
«Барселонаның» келуі әзербайжандық футбол жанкүйерлерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Каталониялықтар Бакуге келгенде, жергілікті жанкүйерлер оларды әуежайда қарсы алды.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төрт турдың қорытындысы бойынша Ханси Флик шәкірттері тоғыз ұпаймен турнир кестесінде бесінші орында тұр. Ал қазақстандық қақпашы Стас Покатилов өнер көрсететін «Сабах» үш ұпаймен 31-орынға жайғасқан.
Кездесу 25 қарашада Баку Олимпиада стадионында өтеді. Матч жергілікті уақытпен сағат 21:45-те, ал Қазақстан уақытымен 22:45-те басталады.
Бұған дейін «Барселонаның» бас бапкері Ханси Флик Ламин Ямальдың денсаулық жағдайы туралы айтқан еді. Неміс маманы футболшының жарақаты аса ауыр емес екенін, алайда бапкерлер штабы оның толық айығуына дейін денсаулығына қауіп төндіргісі келмейтінін жеткізді.