Де Йонг Чемпиондар лигасындағы матч алдында Покатиловтың командасына баға берді
«Барселонаның» жартылай қорғаушысы Френки де Йонг Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда Әзербайжанның «Сабах» клубына қарсы өтетін кездесуге қатысты ойын ортаға салды. Нидерландтық футболшы команданың физикалық дайындығы, негізгі құрамдағы орын үшін бәсеке және Ламин Ямальдың ойынға қатыспауы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Кездесуді сәтті бастау өте маңызды. Қарсылас қорғанысқа басымдық береді. Өз ойынымызды көрсетіп, жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз. Біраз шаршағанымыз рас, бірақ аптасына екі-үш матч өткізуге үйренгенбіз», – деді де Йонг.
Родри каталониялық клубқа ауысқаннан кейін нидерландтық футболшының ойын уақыты қысқарып, кей кездесулерде өзіне үйреншікті емес позицияда өнер көрсетуіне тура келді. Соған қарамастан жартылай қорғаушы негізгі құрамдағы орын үшін күресті жалғастыруға ниетті.
«Жарақатымнан айығып, алаңға қайта оралдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін және өз мүмкіндігіме сенемін. Мұндай кездесулер біз үшін жақсы тәжірибе бола алады. Негізгі құрамға қайта оралуға тырысамын», – деді футболшы.
Де Йонг Ламин Ямальдың ойынға қатыспауына да тоқталды. Жартылай қорғаушының пікірінше, қорғанысқа басымдық беретін командаларға қарсы кездесулерде жас испаниялық футболшының орны ерекше сезіледі.
«Ол – ерекше дарын иесі. Өз бетінше қауіпті сәттер ұйымдастыра алады. Ертеңгі кездесуде өзге футболшыларға мұндай міндетті атқару қиынға соғуы мүмкін», – деді нидерландтық ойыншы.

Дегенмен де Йонг «Барселонаның» құрамында шебер футболшылар жеткілікті екенін және шабуылдағы көшбасшыларының бірі болмаса да, команда жеңіске жете алатынын жеткізді.
Айта кетейік, оң жақ тобығындағы жайсыздыққа байланысты Ямаль «Сабахқа» қарсы кездесуге қатысатын футболшылар тізіміне енген жоқ.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төрт турдың қорытындысы бойынша Ханси Флик шәкірттері тоғыз ұпаймен турнир кестесінде бесінші орында тұр. Ал қазақстандық қақпашы Стас Покатилов өнер көрсететін әзербайжандық клуб үш ұпаймен 31-орынға жайғасқан.
Кездесу 25 қарашада Бакудегі Олимпиада стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 22:45-те басталады.
Бұған дейін «Сабахтың» бас бапкері Вальдас Дамбраускас Ламин Ямальдың Бакуге келмеуіне қынжылғанын айтқан еді. Себебі әзербайжандық жанкүйерлер әлемнің үздік футболшыларының бірін алаңда көру мүмкіндігінен айырылды. Сонымен қатар литвалық маман қарсыласының атақ-абыройына қарамастан, шәкірттерінің «Барселона» қақпасына гол соғуға тырысатынын мәлімдеді.