Чемпиондар лигасындағы «Сабах» – «Барселона» матчын кім басқаратыны белгілі болды
Қазақстандық қақпашы Стас Покатилов өнер көрсететін Әзербайжанның «Сабах» клубы өз тарихындағы ең маңызды кездесулердің біріне дайындалып жатыр. 25 қараша, сәрсенбі күні Валдис Дамбраускас жаттықтыратын ұжым УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда Испанияның «Барселонасын» қабылдайды. Бұл матчқа Николас Уолш бастаған шотландиялық төрешілер бригадасы тағайындалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бас төрешіге алаң жиегінде отандастары Фрэнсис Коннор мен Дэниел Макфарлейн көмектеседі. Төртінші төрешінің міндетін Дональд Робертсон атқарса, бейнеқайталау жүйесінің (VAR) жұмысына Эндрю Даллас жауап береді.
«Барселона» Әзербайжан астанасына сәтті ойындар сериясынан кейін аттанбақ. Ханси Флик шәкірттері жалпы кезеңдегі төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, тек бір рет қарсыласына есе жіберді.
Каталониялықтар турнирді Нидерландтың «Фейеноорд» клубын 5:1 есебімен ойсырата жеңуден бастады. Одан кейін Түркияның «Галатасарайын» 4:1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы үлкен сынақ Парижде күтіп тұрды. Онда испаниялық ұжым жарыстың қазіргі жеңімпазы ПСЖ-дан 2:4 есебімен ұтылды.
Дегенмен бұл сәтсіздік «Барселонаның» қарқынын бәсеңдете алмады. Келесі турда Флик командасы өз алаңында Англияның «Астон Вилласын» 3:0 есебімен жеңіп, жалпы кезең көшбасшыларының қатарына қайта қосылды.
Төрт турдың қорытындысы бойынша испаниялық клуб тоғыз ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орында тұр.
Алайда каталониялықтар Бакуге толық құраммен бара алмайды. Бұған дейін «Барселона» «Сабахқа» қарсы кездесуге қатысатын футболшылар тізімін жариялаған болатын. Олардың қатарынан Ламин Ямаль табылмады. 19 жастағы шабуылшының ойыннан тыс қалуына оң жақ тобық тұсындағы жайсыздық себеп болған.
Ал «Сабах» үшін Чемпиондар лигасының биылғы маусымы әлдеқайда күрделі өтіп жатыр. Төрт турда небәрі үш ұпай еншілеген әзербайжандық клуб жалпы турнир кестесінде 31-орынға жайғасқан.
Команданың негізгі кезеңдегі алғашқы қадамы сәтсіз болды. Бірінші турда «Сабах» сырт алаңда Англияның «Манчестер Юнайтед» клубынан 0:4 есебімен ойсырай жеңілді.
Есесіне келесі кездесу әзербайжандық жанкүйерлер үшін тарихи сәтке айналды. Өз алаңында Праганың «Славиясын» 2:0 есебімен ұтқан «Сабах» Чемпиондар лигасындағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.
Алайда бұл табыстың жалғасы болмады. Үшінші турда Дортмундтың «Боруссиясына» 1:2 есебімен жол берген команда артынша Норвегияның «Викинг» клубынан 1:4 есебімен жеңілді.
Осылайша, Дамбраускас шәкірттері «Барселонамен» кездесуге еурокубок додасындағы қатарынан екі жеңілістен кейін шығады. Төрт ойында қарсылас қақпасына төрт гол соққан «Сабах» өз қақпасына 12 доп жіберген.
Бұл матчқа қазақстандық жанкүйерлердің де қызығушылығы ерекше. Өйткені «Сабах» сапында Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов өнер көрсетеді. Ол әзербайжандық клубпен бірге Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі төрт айналымнан сүрінбей өтті.
Енді қазақстандық қақпашы мен оның командаластарын Еуропаның ең атақты клубтарының біріне қарсы маңызды сынақ күтіп тұр.
«Сабах» пен «Барселона» арасындағы кездесу 25 қараша күні Бакудегі Олимпиада стадионында өтеді. Ойын жергілікті уақытпен 21:45-те, ал Қазақстан уақытымен 22:45-те басталады.