Қазақстандық клуб Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Атлетикті» жеңді
«Семей» футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі жорығын сәтті бастады. 1/8 финалдың алғашқы матчында Серджи Альтисенттің шәкірттері украиналық «Атлетикті» 3:2 есебімен жеңіп, өз алаңындағы қарымта ойын алдында басымдыққа ие болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу 24 қарашада Молдованың Чореску қаласындағы «Футзал Арена МФФ» спорт кешенінде өтті. Матчты испаниялық төреші Хуан Гальярдо бастаған қазылар бригадасы басқарды.
Қазақстандық клуб жетінші минутта Фернанның дәл соққысының арқасында есеп ашты. Алайда үзіліске дейін басымдықты сақтап қалу мүмкін болмады: 18-минутта Эдуард Нагорный таразы басын теңестірді.
Екінші тайм басталғанда Давид Калашник алаңнан қуылып, украиналық команда азшылықта қалды. Көп ұзамай Педриньо 26-минутта гол соғып, «Семейді» қайтадан алға шығарды.
Олег Выставнойдың күшімен «Атлетик» ойынға қайта оралды: ол 35-минутта есепті теңестірді. Бірақ арада бір минут өткенде украиналық ұжым тағы да азшылықта қалды — Богдан Мещеряков қызыл қағаз алды.
38-минутта соғылған Педриньоның голы шешуші болды. Бразилиялық дубль жасап, қазақстандық клубқа сырт алаңдағы тартысты матчта жеңіс сыйлады.
УЕФА футзал Чемпиондар лигасы. 1/8 финал. Алғашқы матч
«Атлетик» (Украина) – «Семей» (Қазақстан) – 2:3 (1:1).
Голдар: Фернан, 7 (0:1); Нагорный, 18 (1:1); Педриньо, 26 (1:2); Выставной, 35 (2:2); Педриньо, 38 (2:3).
Алаңнан қуылғандар: Калашник, 24; Мещеряков, 36 (екеуі де — «Атлетик»).
Қарымта кездесу 5 желтоқсанда Семейде өтеді. Қазақстандық команда ширек финал жолдамасы үшін күресте қол жеткізген басымдығын сақтап қалуға тырысады.
Еске салайық, Чемпиондар лигасындағы Қазақстанның тағы бір өкілі — алматылық «Қайрат» бір күн бұрын оң нәтижеге қол жеткізе алмады. Густаво Парадеданың шәкірттері сырт алаңда польшалық «Пястқа» 0:2 есебімен жеңілді . Командалар арасындағы қарымта матч 4 желтоқсанда Алматыда өтеді.