Сатпаевтің қоштасу дублі, Гуальдің дебюті: «Қайрат» «Қызылжарды» тас-талқан етті
КПЛ-дың 17-турындағы кейінге қалдырылған ойында «Қайрат» Дастан Сатпаевты «Челсиге» шығарып салды, ал жас шабуылшы қоштасуға лайық соңғы матч өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шабуылшы екінші таймда дубль жасап, өзінің әзірге «Қайрат» сапындағы соңғы голын алматылықтардың жаңа ойыншысы Марк Гуальдың пасынан соқты. Тағы бір алғашқы нәтижелі әрекет тіркелді — Исмаил Бекболат негізгі команда құрамында тұңғыш рет гол салды.
Осылайша, «Қайрат» үш матч бойы жеңіске жете алмаған сериясын тоқтатып, Сатпаевқа лайықты қоштасу ұйымдастырды — келесі «Оқжетпеске» қарсы кездесуде, сондай-ақ Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі «Сутьескаға» қарсы матчта Рафаэль Уразбахтин оған сенім арта алмайды.
Футбол. КПЛ, 17-тур
«Қайрат» — «Қызылжар» — 3:0
Голдар: Сатпаев, 59, 87, Бекболат, 86