Джон Ван ’т Схип отставкаға кету мүмкіндігі туралы пікір білдірді
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон Ван ’т Схип УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңінде Молдоваға 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін қызметінен кету мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан құрамасын басқарған тұста әлі жеңіс дәмін татпаған нидерландтық маман ұлттық командадағы жұмысын жалғастыруға үмітті.
«Отставкаға кетуге қатысты үндеулер туралы айтатын болсақ, мұны мен шешпеймін. Мен жұмысымды жалғастыруға үміттімін. Жеңіске жеткен кезде достарың көп болады, ал жеңілгенде олардың саны азаятыны түсінікті. Бұл – бапкер жұмысының бір бөлігі.
Біздің чемпионатта нағыз тірек жартылай қорғаушыларды табу шынымен қиын. Қорғаныстың орталығына келсек, Алип Касым жарақат алды, сондықтан біз Темирлан Ерлановты шақырдық. Ол мені жағымды түрде таңғалдырды, үш жақсы ойын өткізді және стандартты жағдайларда қауіпті. Сондықтан Сергей Малый қосалқы құрамда қалды.
Неліктен мен Омиртаев пен Муртазаевты шақырмадым? Мен жақсы формада болған Артур Шушеначев пен Рамазан Каримовты таңдадым. Каримов комбинациялық ойында мықты әрі қара жұмыстың орасан зор көлемін атқарады, ал мұндай деңгейде бұл өте маңызды. Иә, Самородов, Чесноков және Сатпаевтың жоқтығынан сапамыз төмендеп тұр. Біз бұған біртұтас команда ретінде төтеп беруіміз керек, бірақ бүгін мұны жасай алмадық», - деп бапкердің сөзін келтіреді Asnews.kz.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі бірінші айналымнан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде небәрі бір ұпай бар. Қазақстан квартетті соңғы орында тұр. Ал Молдованың еншісінде 4 ұпай, Фарердің активінде 2 ұпай бар. Топта 6 ұпай жинаған Словакия көш бастап келеді.