«Ак Барс» «Барысты» ҚХЛ-дың плей-офф аймағынан ығыстырды: не болды
Астаналық «Барыс» мұз айдынына шықпай-ақ ҚХЛ Шығыс конференциясындағы үздік сегіздіктен шығып қалды. Қазанның «Ак Барс» клубы Владивостоктың «Адмиралын» жеңгеннен кейін қазақстандық команда турнир кестесінде тоғызыншы орынға сырғыды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Владивостокта өткен кездесу қонақтардың 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Матчтың басты қаһарманы үшінші кезеңде хет-трик жасаған Никита Дыняк болды. Осы жеңістің арқасында қазандықтар 31 ұпай жинап, астаналықтарды басып озды.
Михаил Кравец шәкірттері 29 кездесуде 29 ұпай жинаған. Дегенмен қазақстандық клуб «Ак Барсқа» қарағанда үш матч аз өткізген, ал сегізінші орыннан небәрі екі ұпайға қалып тұр.
«Барыстың» турнирлік жағдайын қатарынан үш жеңіліс қиындата түсті. Астаналықтар сырт айдында «Салават Юлаевтан» (3:5) және «Авангардтан» (1:3) жеңілсе, өз алаңында Минскінің «Динамосына» (1:2) есе жіберді. Команда осы үш кездесудің ешқайсысында ұпай жинай алмады.
Қазақстандық клуб алдағы кездесуде үздік сегіздікке қайта оралуға мүмкіндік алады. 25 қараша, сәрсенбі күні «Барыс» Череповецтің «Северсталь» командасын қабылдайды. Астанада өтетін матч сағат 19:00-де басталады.
