«Бұл жаттықтырушы ретіндегі менің қателігім болды»: Ван ’т Схип Қазақстанның Молдоваға жеңілгені туралы пікір білдірді
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Джон Ван ’т Схип УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі Молдоваға қарсы матчта 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Нидерландтық маман жеңілген матчта жаттықтырушы ретінде бірқатар қателік жібергенін мойындады.
«Әрине, нәтижеге қатты көңілім қалды. Біз бірінші таймды нашар бастадық, өзара келіскен құрылымда ойнамадық және доптан айырылған кезде прессинг жасау міндетімізді өзіміз қиындатып алдық. Қарсыласымыз міндетті емес гол соқты: біз футболшымен соңына дейін ойнамадық, фол жасауымыз немесе допты тартып алуға ұмтылуымыз керек еді, бірақ оған соққы жасауға мүмкіндік бердік. Стандарттан соғылған екінші гол да Словакиямен матчтағы жағдайға ұқсас.
Екінші таймда прессинг пен жігерді күшейттік – үзіліске дейін бізге жетіспеген нәрселер осы еді. Бастаманы өз қолымызға алдық, екінші голды соғатын мүмкіндіктеріміз болды, бірақ бұл матчтан бірінші таймда-ақ ұтылып қойдық.
Молдованың көп ойыншымен қорғанатынын, ал бос аймақтар қанаттарда қалатынын білдік. Біз Мрынский мен Вороговскийден допты сол аймақтарға жылдамырақ жеткізуді сұрадық. Алайда мәселе жартылай қорғауда болды. Исламхан мен Оразов кейде позицияларын жоғалтып алды деп есептеймін, соның салдарынан доптан айырылған кезде прессинг жасай алмадық. Оразов пен Қараман арасындағы өзара байланыс болмағанымен келісемін – біз тым көп бос аймақ қалдырдық.
Менің ойымша, бұл жаттықтырушы ретіндегі қателігім болды: Молдоваға қарсы неғұрлым шабуылдаушы футбол ойнап, жартылай қорғаушыларды шептердің арасына орналастырғым келді. Өкінішке қарай, бұдан пайда шығара алмадық. Екінші таймда ойынды өзгертуге тура келді: Тапалов алаңға шығып, тірек аймағындағы тепе-теңдікті күшейтті, ал Тұяқбаев сол қанатта көмектесті. Есепті теңестіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық, бірақ футболда сәттілік те керек, ал бүгін бізге оның жолы болмады», – деп жаттықтырушының сөзін Asnews.kz келтіреді.
Айта кетейік, ван ’т Схип әзірге Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағаннан бері жеңіспен мақтана алмайды – Ұлттар лигасы топтық кезеңінің бірінші айналымынан кейін ұлттық құраманың еншісінде небәрі бір ұпай бар. Қазақстан квартетте соңғы орында тұр. Молдованың еншісінде 4 ұпай, Фарер аралдарында 2 ұпай бар. Ал 6 ұпай жинаған Словакия квартетте көш бастап келеді.
6 қазанда ван ’т Схиптің командасы Фарер аралдарына қарсы ойнайды. Сол күні Молдова құрамасы Словакиямен кездеседі.