Қазақстан Молдовадан Ұлттар лигасында қалай жеңілді: матчқа бейнешолу
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының қазіргі маусымындағы алғашқы үй матчын өткізді. «Астана Аренада» Джон ван ’т Шкип командасы Молдованы қабылдап, 1:2 есебімен жеңілді. Қазақстандықтар допқа көбірек иелік етіп, жиі шабуылдап, соққы саны бойынша да қарсыластан алда болды. Алайда қонақтар өз мүмкіндіктерін тиімдірек пайдаланды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ван ’т Шкип үшін бұл Қазақстан жанкүйерлерінің алдында ұлттық құрама тізгініндегі алғашқы матч болды. Бұған дейін команда турнирді Фарер аралдарымен сырт алаңдағы 1:1 есебімен аяқталған тең ойыннан бастап, кейін Словакияға 1:2 есебімен жол берген еді.
Бапкерлер штабы негізгі құрамға тағы да бірқатар өзгеріс енгізді. Қақпада Стас Покатиловтың орнына Александр Заруцкий шықты. Ян Вороговский мен Александр Мрынский негізгі құрамға оралса, орта алаңда Рамазан Оразов, Бауыржан Исламхан және Дінмұхамед Караман өнер көрсетті. Қазақстан жарақатына байланысты шабуыл шебіндегі бірнеше ойыншыға әлі де сене алмады.
Алғашқы қауіпті сәттерді Молдова жасады. 16-минутта Заруцкий Сергей Перчунның соққысын қайтарды, көп ұзамай сол ойыншы допты қақпа маңынан өткізді. Қазақстан Галымжан Кенжебектің белсенділігімен және Рамазан Оразовтың алыстан бағыттаған соққысымен жауап берді.
Қазақстан допты ұзақ бақылауда ұстады. Бірінші таймда допқа иелік ету көрсеткіші 67 пайызға дейін жетті. Соған қарамастан, қонақтардың тығыз қорғанысын бұзу қиын болды. Шабуылдардың басым бөлігі қаптал арқылы өрбіді, бірақ алаң иелері қауіпті позицияларға сирек жете алды.
Командалар үзіліске голсыз кететіндей көрінген сәтте Молдова Қазақстан қорғанысындағы қателікті пайдаланды. 45+1-минутта Ники Клещенко соққы жасауға мүмкіндік алып, допты бұрышқа дәл бағыттады, есеп 0:1 болды.
Үзілісте ван ’т Шкип бірден екі өзгеріс жасады. Еркін Тапалов пен Азамат Тұяқбаев Рамазан Оразов пен Эльхан Астановтың орнына алаңға шықты.
Алайда 50-минутта Қазақстан екінші голды өткізіп алды. Перчунның бұрыштамадан асырған добынан кейін Петру Попеску әуе допына бірінші жетіп, баспен қақпаға бағыттады, есеп 0:2 болды.
Осыдан кейін Қазақстан шабуылды күшейтті. Алаң иелері допты айып алаңына жиі жеткізе бастады, ал 59-минутта шабуыл шебіне Артур Шушеначев шықты.
64-минутта стандартты жағдай Қазақстанға нәтиже берді. Бауыржан Исламхан допты айып алаңына асырды, ал шабуылға қосылған Нұралы Әліп әуе добында қарсыласынан басым түсіп, есеп айырмасын қысқартты, 1:2.
Қалған уақытта Қазақстан құрамасы негізінен қарсылас алаңында ойнады. Алаңға Наурызбек Жагоров пен Сергей Малый шықты. Қазақстандықтар допты айып алаңына жеткізіп, екінші голды іздеуді жалғастырды, бірақ Молдова қорғанысы қысымға төтеп берді.
Сергей Малый бұл кездесуде Қазақстан құрамасы сапындағы 76-матчын өткізді және ұлттық құрамадағы ойын саны бойынша Самат Смақовтың рекордын қайталады.
Қазақстан бірқатар көрсеткіш бойынша қарсыластан басым болды
Матч статистикасы аумақтық басымдық Қазақстан жағында болғанын көрсетті. Алаң иелері 20 соққы жасаса, Молдовада бұл көрсеткіш 16 болды. Қазақстан 61 шабуыл ұйымдастырды, қарсылас 34 рет алға шықты. Допқа иелік ету көрсеткіші 59%-ға 41% болды. Бұрыштамалар саны бойынша да Қазақстан алда, 11:4.
Алайда қақпаға дәл соққы жасау жағынан Молдова басым түсті, 8:5. Қазақстан дәл пастар саны бойынша да қарсыласынан едәуір жоғары нәтиже көрсетті, 533 пасқа қарсы 284. Пастардың дәлдігі 88% және 80% болды.
Үш турдан кейін Қазақстанның еншісінде бір ғана ұпай қалды және матч аяқталған сәтте команда топта соңғы орында тұрды. Молдова төрт ұпай жинап, ұзаққа созылған жеңіссіз сериясын тоқтатты.
Қазақстан келесі матчын 6 қазанда Астанада Фарер аралдарына қарсы өткізеді.
Назарларыңызға Қазақстан – Молдова матчының видео-шолуын ұсынамыз.