«Партизан» Тобылға қарсы матч алдында жанкүйерлерге қатаң мәлімдеме жасады
Сербияның «Партизан» клубы Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Тобылға» қарсы алғашқы ойын қарсаңында жанкүйерлеріне үндеу жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан Кубогының иегеріне қарсылас болған команда алдыңғы кезеңде «УНА Штрассенге» қарсы матчтан түскен табыстың үштен екі бөлігі дерлік УЕФА-ның айыппұлын төлеуге кеткенін атап өтті. Сондықтан, жанкүйерлерге команданы қаншалықты қызу қолдаса да, өзін лайықты ұстауға кеңес берілді:
«Барлығымыз да «Партизанға» қандай қолдау керектігін білеміз: стадион толы, команданы алға жетелейтін, қиын сәтте ойыншыларға қосымша күш беретін қуат. Ойыншылар өзін жалғыз сезінбеуі керек. Толы стадион – «Партизанның» күші болуы тиіс, клубтың айыппұл төлеуіне немесе келесі ойындарды жанкүйерсіз, жабық секторларда өткізуіне себеп емес.
Сондықтан бүгін кешке матчқа барарда осыны ойлаңыздар. Сатыларда бөгелмеңіздер және өтетін жолдарды жаппаңыздар. Дауыстарыңызды көтеріңіздер, бірақ «Партизан» тағы да жазаланатындай ұрандар мен әрекеттерден аулақ болыңыздар. «Партизанды» қолдаңыздар. «Партизанға» жанкүйер болыңыздар. «Партизанға» зиян келтірмеңіздер», – делінген Белград клубының мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Партизан» мен «Тобыл» арасындағы алғашқы ойын Астана уақыты бойынша 7 тамызға қараған түні, сағат 00:00-де басталады.