«Тобыдың» ЛК-дағы қарсыласы УЕФА-дан қатаң жаза алды
Лига конференциясының үшінші іріктеу кезеңінде «Тобылмен» өтетін матчтардың қарсаңында УЕФА-ның этика комитеті «Партизанға» алдыңғы кезең ойындарының қорытындысы бойынша жаза қолданды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Еуропа футболының басты органы белградтық клубқа 20 мың еуро айыппұл салып, сондай-ақ УЕФА турнирлеріндегі келесі үй кездесуінде стадиондағы бес мың орынды жабуды міндеттеді. Бұл соңғы жаза — екі жылға шартты түрде берілді.
Бұған екінші іріктеу кезеңіндегі «УНА Штрассенге» қарсы алғашқы ойында (4:0) жанкүйерлердің дискриминациялық әрекеті себеп болған. Сол кездесудегі эвакуациялық жолдарды бөгегені үшін «Партизанға» тағы 14 мың еуро айыппұл салынды.
Айта кетейік, дәл осы белградтық алып клуб Лига конференциясының үшінші іріктеу кезеңінде «Тобылдың» қарсыласы болады. Алғашқы матч 6 тамызда Сербия астанасындағы «Партизан» стадионында өтеді, қарымта ойын бір аптадан соң Қостанайда ұйымдастырылады.
«Партизан» — «Тобыл» жұбының жеңімпазы Лига конференциясының плей-офф кезеңінде өткен маусымдағы Испания чемпионатының жетінші командасы — «Хетафемен» кездеседі.