«Ол тарихтағы ең үздік ойыншы». Клозе Мессидің рекорды туралы пікір білдірді
Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозе 2026 жылғы әлем чемпионатында Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси орнатқан тарихи жетістік туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Топтық кезеңнің екінші турында Аустрияға қарсы өткен матчта аргентиналық футболшы дубль авторы атанып, командасына 2:0 есебімен жеңіске жетуге көмектесті. Осы голдардың арқасында Месси әлем чемпионаттарындағы гол санын 18-ге жеткізіп, мундиальдар тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
Бұған дейін бұл рекордтың иесі Мирослав Клозе болатын. Германиялық шабуылшы әлем чемпионаттарында 16 гол соққан еді.
Клозе өз рекордының жаңарғанына ренжімейтінін және бұл жетістікке дәл Мессидің қол жеткізгеніне қуанышты екенін айтты.
«Мен үшін Лионель Месси - барлық уақыттағы ең үздік футболшы. Оны осы жетістігімен құттықтаймын. Бұл рекордтың бір күні жаңаратынын түсіндім. Оның дәл Мессиге бұйырғанына қуаныштымын. Мен әрдайым оның ойынына тәнті болып келдім және оны нағыз футбол данышпаны деп есептеймін», - деді Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы.
Еске салайық, Аустрия қақпасына соққан дубльден кейін Месси әлем чемпионаттары тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде жеке-дара көш бастады. Сонымен қатар ол Аргентина құрамасының мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне шығуына көмектесті.