Франция - Ирак матчы өтеді ме? Филадельфияда не болып жатыр?
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Франция мен Ирак құрамалары арасындағы матч ауа райының қолайсыздығына байланысты кеш басталуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz RMC Sport басылымына сілтеме жасап.
I тобындағы кездесу Филадельфия қаласында өтіп, Астана уақытымен 02:00-де басталуы тиіс. Алайда ұйымдастырушылар найзағай мен қолайсыз ауа райына байланысты стадион қақпаларын ашуды кейінге қалдырды.
Дереккөздің мәліметінше, жанкүйерлер әзірге аренаға кіре алмай отыр. Сонымен қатар баспасөз ложасында отырған журналистерге де стадион аумағынан уақытша шығу ұсынылған.
Сондай-ақ командалардың матч алдындағы жаттығу рәсіміне де өзгеріс енгізілуі мүмкін. Егер ауа райы жақсармайтын болса, ойынның басталу уақыты кейінге шегеріледі.
Қазіргі таңда Франция құрамасының еншісінде үш ұпай бар. Бірінші турда француздар Сенегалды 3:1 есебімен жеңіп, I тобында екінші орында келеді.
Ал Ирак құрамасы алғашқы ойында Норвегиядан 1:4 есебімен жеңіліп, топтың соңғы сатысында тұр.