Месси әлем чемпионаттарының антирекордының иесі атанды
Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси әлем чемпионаттары тарихындағы жағымсыз рекордтың авторы болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Аустрияға қарсы матчтың сегізінші минутында аргентиналық шабуылшы пенальтиді мүлт жіберді.
Осылайша, бұл Мессидің әлем чемпионаттарындағы үшінші сәтсіз пенальтиі болды. Нәтижесінде ол мундиальдар тарихында ең көп пенальти мүлт жіберген футболшы атанды.

Бұдан бөлек, Месси 2026 жылғы әлем чемпионатында пенальтиден гол соға алмаған алғашқы ойыншы ретінде тіркелді. Бұған дейін турнирде орындалған барлық он бір метрлік соққылар голмен аяқталған болатын.
Айта кетейік, осы матчта аргентиналық жұлдыз әлем чемпионаттары тарихындағы үздік бомбардир атануға мүмкіндік алған еді. Алайда жіберілген пенальтиден кейін оның еншісінде бұрынғыдай 16 гол қалып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша ол Мирослав Клоземен тең тұр.