26 метрлік ұлылық: Аргентинада әлемдегі ең биік Месси мүсіні ашылды
Аргентинадағы Неукен провинциясының Кутраль-Ко қаласында Лионель Мессиге арналған әлемдегі ең биік мүсіннің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
26 метрлік монумент жаңа әлемдік рекорд орнатып отыр: бұл көрсеткіш бұрын Үндістанда орнатылған Аргентина құрамасының капитанының 21 метрлік мүсінінен асып түсті.
Ашу рәсімінде қала әкімі монументтің өңірдің жаңа туристік нысанына айналатынын ерекше атап өтті.
«Бұл – сүйікті Лионеліміздің ұлылығын шынайы көрсететін жалғыз ескерткіш. Біз – аргентиналықтар және әлем чемпиондары екенімізді мақтан тұтамыз. Осы шедеврді өз қолымен жасаған Кутраль-Ко тұрғындарының барлығына алғыс айтамын».
Ашылу салтанатына жүздеген жергілікті тұрғын, турист және футбол жанкүйері жиналды. Мүсіннің айналасы аргентиналық тулармен және ұлттық құраманың жейделерімен безендіріліп, Мессидің адал жанкүйерлеріне арналған нағыз мерекеге айналды.