Хабиб Нурмагомедов Өзбекстанның ӘЧ-2026-дағы мүмкіндігіне батыл болжам жасады
UFC Даңқ залының мүшесі әрі ұйымның бұрынғы жеңіл салмақтағы чемпионы Хабиб Нурмагомедов Өзбекстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы мүмкіндігін жоғары бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Атақты ресейлік спортшының пікірінше, өзбекстандық футболшылар топтық кезеңнен өтуге толық қабілетті.
«Бұл құраманың көшбасшысы бар - ол Хусанов. Жігіттердің жігері жоғары, олар өздерін әлемдік деңгейде дәлелдеуге бар күшін салуда. Менің ойымша, олар кем дегенде топтан шығуы керек», - деді Хабиб.
Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Команда мундиальдағы алғашқы ойынын Колумбияға қарсы өткізіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Бірінші турдан кейін өзбекстандықтар К тобының соңғы сатысында тұр. Топ көшін үш ұпаймен Колумбия бастап келеді. Ал Португалия мен Конго Демократиялық Республикасы өзара тең ойнап, бір ұпайдан еншіледі.
23 маусым күні Өзбекстан құрамасын турнирдегі маңызды сынақтардың бірі күтіп тұр. Тимур Кападзе шәкірттері Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасына қарсы алаңға шығады. Португалиялықтар да әлем чемпионатын сәтсіз бастап, алғашқы турда Конго Демократиялық Республикасымен тең түскен болатын.