«Өзбекстанның Португалияға қарсы ешқандай мүмкіндігі жоқ» – Георгий Черданцев
Ресейлік футбол комментаторы Георгий Черданцев Sports24.kz-тің Youtube-арнасына эксклюзивті сұхбат беріп, алдағы әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасының Португалияға қарсы ойынындағы мүмкіндіктері туралы пікір білдірді.
«Объективті түрде алғанда, ешқандай мүмкіндік жоқ. Португалия құрамасының қазіргі жағдайын ескерсек, бұл айқын. Бүкіл әлемді қызықтыратыны – Роналду өзін өзі қосалқыға отырғыза ма, жоқ па? Біз білеміз, Мартинес бұл мәселеге әсер ете алмайды. Енді қызығы – Роналдудың айналасында оған алаңда орнын басқаларға беру керектігін түсіндіретін адам табылады ма, жоқ па, соны көреміз.
Өзбекстан Лига чемпиондарын жеңіп алған ойыншылармен жасақталған, тек жеңісті көздейтін топ-фаворитке қарсы шықты. Өзбекстан құрамасының бұл матчтағы басты міндеті – абыроймен өнер көрсету. Қазір Өзбекстан үшін жағдай өте ыңғайсыз, себебі олар топтың фаворитіне қарсы ойнайды, ал бұл команда ұпай жоғалтып үлгерген.
Португалия енді ұтылуға жол бере алмайды, себебі бұл – нағыз сәтсіздік, беделіне дақ түсіреді, оны жуып-шайу оңай емес. Өзбекстан бұл ойынға жақсы дайындалады, бірақ тең түсуге немесе жеңіске жетуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Колумбиямен болған матч секілді, өз ойынын көрсетуі, сенімді өнер көрсетуі керек», – деді Георгий Черданцев.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы турнирдегі алғашқы ойында 1:3 есебімен жеңілді. Бұл кездесуде өзбекстандық жартылай қорғаушы Аббосбек Файзуллаев командасының мундиальдегі алғашқы голын соқты. Ал Португалия күтпеген жерден ДР Конго құрамасын жеңе алмай, 1:1 есебімен тең түсті.
Португалия – Өзбекстан матчын қашан көруге болады?
Португалия мен Өзбекстан құрамалары арасындағы матч 23 маусым күні сағат 22:00-де (Қазақстан уақытымен) басталады. Португалдармен кездесуге дейін Өзбекстан Колумбиямен ойнайды, бұл ойын ертең сағат 07:00-де (Қазақстан уақытымен) өтеді. Бұған дейін қазақстандық футбол сарапшысы Искандер Серғалиев Абдукадир Хусанов пен Криштиану Роналду арасындағы алаңдағы дуэльге қатысты пікір білдірген еді.
Сондай-ақ, Sports24.kz редакциясы сіздерді өзбек командасының басты жұлдыздарымен, оның ішінде түріктің «Башакшехир» клубында ойнайтын жартылай қорғаушысы Аббосбек Файзуллаевпен таныстырған болатын.