locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Назым Қызайбай Қазақстан чемпионатының финалындағы жеңілістен кейін бокстағы болашағы туралы пікір білдірді

Әлемнің үш дүркін чемпионы басты мақсатын еске салды
Бокс
Назым Қызайбай Қазақстан чемпионатының финалындағы жеңілістен кейін бокстағы болашағы туралы пікір білдірді
ФОТО: Getty Images

Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай спорттық мансабына қатысты мәлімдеме жасады. Париждегі 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Қазақстан бокс федерациясының архивтегі жазбасын жариялап, үлкен спорттағы жолы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Париж Олимпиадасынан кейін жарияланған алғашқы жазбасында Қызайбай Қазақстаннан шыққан бокстан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы болғысы келетінін айтқан еді.

«Бұл — менің алғашқы Олимпиадам. Жарақатым жоқ, бабымнан да тайған жоқпын. Сондықтан бүгін-ертең бокстан кетемін деп айта алмаймын. Қазақстаннан шыққан бокстан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы болғым келеді. Серік Сәпиев екеуміз екі дүркін чемпион атандық. Ендігі мақсатым — әлем чемпионатында үшінші “алтынды” жеңіп алу», — делінген архивтегі жазбада.

Кейін спортшы бұл мақсатына шынымен қол жеткізді. 2025 жылғы наурызда Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстан тарихындағы бокстан тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды.

Жаңа жазбасында Қызайбай өзіне берген уәдесін орындағанын атап өтіп, спортшыларға нәтижесіне қарай көрсетілетін қарым-қатынас туралы да пікір білдірді.

«Мен сөзімде тұрдым. Мен үшін сөз — жай ғана айтылған нәрсе емес, жауапкершілік. Артымда — еңбек, тәртіп және бар күшімді салу бар. Үлкен спортта бір ақиқат бар: нәтижең бар кезде — сен керек адамсың, нәтиже болмаса — бәрі өзгереді. Адамдар да, басшылық та, көзқарас та — бәрі уақытша. Ал еңбегің, төзімің, құрбандықтарың мен бағындырған биіктерің — сенің тарихың. Сондықтан мен үшін ең бастысы — өз жолыма адал болып қалу», — деп жазды боксшы.

Еске салайық, 2026 жылғы қарашада Назым Қызайбай Таразда өткен Қазақстан чемпионатына қатысты. 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында ол Элина Базароваға төрешілердің бөлінген шешімімен күтпеген жерден есе жіберді.

Сонымен бірге Қызайбай мәлімдемесінде кәсіби мансабын аяқтайтынын айтқан жоқ, керісінше таңдаған жолына адал болып қалуға ниетті екенін атап өтті.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie