Сенегал сот шешімінен кейін Африка Ұлттар кубогының чемпионы атағын қайтарып алды
Сенегал құрамасы Африка Ұлттар кубогының чемпионы мәртебесін ресми түрде қайтарып алды. Спорттық арбитраждық сот (CAS) Сенегал федерациясының апелляциясын қанағаттандырып, Африка футбол конфедерациясының (CAF) командаға турнир финалында техникалық жеңіліс жазған шешімінің күшін жойды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Еске салайық, Сенегал мен Марокко арасындағы финал 2026 жылғы 18 қаңтарда Рабатта өтті. Негізгі уақыт тең аяқталып, қосымша уақытта Пап Гейенің голы сенегалдықтарға жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп — 1:0.
Алайда матчтың соңғы бөлігі дау-дамайға ұласты. Қосылған уақытта төреші Сенегал қақпасына пенальти белгіледі. Бұған наразылық білдірген команда футболшылары алаңнан кетіп, ойын шамамен 15 минутқа тоқтады. Сенегал құрамасының капитаны Садио Мане серіктестерін алаңға қайта оралуға көндірді.
Ойын қайта жалғасқан соң Браим Диас паненкамен орындаған пенальтиін голға айналдыра алмады. Қосымша уақытта Сенегал жеңіс голын соғып, трофейді иеленді.
Соған қарамастан, 2026 жылғы 17 наурызда CAF апелляциялық комитеті төрешінің рұқсатынсыз алаңнан кеткені үшін Сенегалға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазды. Африка чемпионы деп Марокко жарияланды.
Сенегал федерациясы бұл шешімге CAS-қа шағым түсірді. Нәтижесінде спорттық арбитраждық сот сенегалдықтардың жағына шығып, CAF үкімінің күшін жойды және финалдың бастапқы нәтижесін қалпына келтірді.
Осылайша, Сенегал Африка чемпионы атағын қайта иеленді, ал Марокко финалдан он айдан астам уақыт өткен соң титулынан айырылды.