Абдукодир Хусанов Өзбекстанның әлем чемпионатына шыққаннан кейінгі өзгерісі туралы айтты
Өзбекстан құрамасының және Англияның «Манчестер Сити» клубының қорғаушысы Абдукодир Хусанов 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы әсерімен бөлісіп, елдегі футболдың дамуы мен ұлттық құраманың болашағы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Футболшының айтуынша, әлем чемпионатына жолдама алу бүкіл өзбек футболы үшін тарихи жетістік болды.
«Бұл - біздің алғашқы әлем чемпионатымыз. Сондықтан мұндай сезімді сөзбен жеткізу қиын. Матч басталғанда жүрегім қатты соқты. Барлығы мүлде басқаша болды. Қазір біздің футболшыларға шетелдік скауттар көбірек назар аудара бастады. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Алдағы уақытта Англияға, Францияға және басқа да еуропалық чемпионаттарға ауысатын ойыншылар көбейеді», - деді ол.
Әлем чемпионатының ұлттық құрама үшін маңызы туралы айтқан Хусанов бұл турнирдің болашақ буынға үлкен мотивация беретінін жеткізді.
«Барлығы әлем чемпионатына шығуға болатынын көрді. Бұл жастарға сенім береді. Төрт жылдан кейін де осы деңгейге қайта оралуымыз керек», - деді қорғаушы.
Хусановтың пікірінше, қазіргі мундиальдан кейін Өзбекстанды халықаралық аренада мықты команда ретінде қабылдай бастайды.

Еске салайық, Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып жатыр. Топтық кезеңдегі алғашқы матчта өзбекстандықтар Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілді. Команданың келесі ойыны 23 маусымда Португалия құрамасына қарсы өтеді. Португалиялықтар алғашқы турда Конгомен 1:1 есебімен тең түскен болатын.