«Алғыссыздар». Роналдудың әпкесі Португалия құрамасын қатаң сынға алды
Португалия құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы матчта Конго ДР 1:1 есебімен тең түсуінен кейін команда төңірегіндегі сын күшейе түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Көпшіліктің назарында тағы да Криштиану Роналду қалды. 41 жастағы шабуылшы матчта 90 минут толық ойнағанымен, нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады. Осыдан кейін жанкүйерлер мен сарапшылар арасында оның ойыны қызу талқыға түсті.
Алайда аңызға айналған футболшыны оның әпкелері қолдап шықты. Элма Авейру әлеуметтік желіде Роналдудың серіктестерін сынап, капитанға қолдау білдірді.
«Кейбір адамдар өздерінің жанындағы жандарды да бағалай алмайды. Ал ол болса ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ адам. Соған қарамастан еліне деген махаббат үшін әлі де алаңға шығып жүр», - деп жазды Элма.
Бұған дейін Роналдудың тағы бір әпкесі Катя Авейру да Португалия құрамасының ойыны көңіл көншітпегенін мойындағанымен, бауырын қолдап, бұл әлем чемпионатында түсініксіз жағдайлар көп болып жатқанын меңзеген еді.
Сонымен қатар бұған дейін Бруну Фернандеш пен Жоау Невештің сүйіктілері де жанкүйерлердің сынына жауап беріп, өз таңдаулыларын қорғауға мәжбүр болған еді.
