«Өзбекстанға қарсы хет-трикпен жауап берсе, таң қалмаймын»: «Алтын доптың» иегері Роналдуды қорғап шықты
«Ливерпуль», «Манчестер Юнайтед» және мадридтік «Реалдың» бұрынғы шабуылшысы Майкл Оуэн Криштиану Роналдуның ДР Конгомен өткен матчтағы (1:1) ойыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
2001 жылғы «Алтын доптың» иегері Роналдудың ойынға белсенді араласа бермейтінін мойындады, бірақ маңызды сәттерде жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті:
«Португалия ДР Конгомен 1:1 есебімен сәтсіз тең түсті, матчтан кейін Роналду жайлы, оның команда үшін мәселе болып кеткені туралы көп айтылды.
Алайда ол әрдайым осылай ойнаған жоқ па? Соңғы жылдары ол допты үнемі ойынға қосып, белсенділік танытатын футболшы болған емес. Ол шешуші сәттерде пайда болады. Егер ол гол соқпаса, кінәні Роналдуға арта салу оңай. 41 жасында оған сұрақ көп болатыны заңды.
Бірақ ол қанша рет келесі ойында сын айтқандардың бәрінің аузын жапты? Егер сен Роналдуды таңдасаң, оны дәл осы қалпында қабылдауың керек. Өзбекстанға қарсы алдағы матчта хет-трикпен жауап берсе, мен еш таң қалмаймын», — деп жазды Оуэн Daily Mail басылымындағы колонкасында.
Айта кетейік, бұған дейін португалиялық шабуылшы Фабио Каннавароның командасына қарсы ойынға дайындық барысын көрсеткен фотосын жариялаған болатын.
