Видео: Флик пен Симеоне «Атлетико» – «Барселона» матчының нәтижесіне қатысты пікір білдірді
«Барселона» сырт алаңда «Атлетиконы» 2:1 есебімен жеңгеннен кейін қос команданың бас бапкерлері кездесудің нәтижесіне қатысты ойларын ортаға салды. Ханс-Дитер Флик шәкірттерінің жіберілген голдан кейін ойын тізгінін өз қолына ала білгеніне ризашылығын білдірсе, Диего Симеоне пайдаланылмаған мүмкіндіктердің жеңіліске себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесудің 10-минутында Джулиано Симеоне есеп ашып, мадридтік клубты алға шығарды. Бірінші таймның басым бөлігінде алаң иелері қарсыласқа жоғары қысым көрсетіп, есеп айырмасын ұлғайтуға бірнеше мүмкіндік алды. Алайда үзіліске дейін Фермин Лопес таразы басын теңестірді. Ал 66-минутта екінші голын соғып, каталониялық клубқа жеңіс сыйлады.
«Барселонаның» бас бапкері матчтың алғашқы бөлігінде шәкірттері мадридтіктердің қарқынды ойынына төтеп бере алмағанын мойындады. Неміс маманының айтуынша, футболшыларға ширақтық жетіспей, қарсыласқа дер кезінде қысым жасау қиынға соққан.
«Бірінші таймда ойынымызға қажетті қарқын жетіспеді. Қарсылас ойыншылардан тым алыс орналасып, өзіміз қалағандай қысым көрсете алмадық. Үзілістен кейін жағдай өзгерді. Ойын барысын бақылауға алып, әлдеқайда сенімді қимылдадық. Меніңше, бұл жеңіске әбден лайық болдық», – деді Флик баспасөз мәслихатында.
Ал «Атлетиконың» тізгінін ұстаған Диего Симеоне жеңіліске қарамастан, футболшыларының өнеріне көңілі толатынын жеткізді. Аргентиналық маман командасының бірінші таймдағы белсенділігін жоғары бағалағанымен, гол соғатын сәттерді тиімді пайдалана алмағанына қынжылды.
«Ойыншыларыма ешқандай кінә арта алмаймын. Біз қарсыласқа жақсы қысым көрсетіп, олардың еркін ойнауына мүмкіндік бермедік. Гол соғатын бірнеше сәт те болды. Алайда сол мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. «Барселона» бізге қарағанда аз мүмкіндік жасаса да, өз сәттерін тиімді пайдаланды», – деді Симеоне.
Мадридтегі жеңістен кейін «Барселона» ұпай санын 33-ке жеткізіп, Испания чемпионатындағы көшбасшылығын сақтап қалды. 30 ұпай жинаған «Реал» екінші орында тұрса, 28 ұпайы бар «Атлетико» үздік үштікті түйіндеп келеді.
Айта кетейік, кездесудің басты қаһарманы Фермин Лопес болды. Оның қос голы «Барселонаға» «Метрополитано» стадионында есепте ұтылып жатып, жеңісті жұлып алуға мүмкіндік берді.