Тоқаев Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары қарсаңында спортшыларға міндет қойды
9 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Ол қазақстандық спортшылардың жоғары нәтижелерін атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттердің жаһандық беделі мен абыройының маңызды бөлігіне, қоғамдық дипломатия құралына айналды. Ол Қазақстанда бұл әлеуетті толық көлемде пайдалану қажет деп санайды.
«Қазақстан спорттық держава ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстар өткізіледі. 2027 жылы біз бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионаттарын қабылдаймыз. Сонымен қатар Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем чемпионаты өтеді. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады. Бұл, әрине, әлемнің түкпір-түкпіріндегі футбол мамандары мен жанкүйерлерінің қызығушылығын тудырады. Мұндай ауқымды әрі резонансты спорттық іс-шараларды өткізу бейінді министрлік пен федерациялардан, Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінен зор күш-жігерді талап ететіні түсінікті. Олар біртұтас команда ретінде жұмыс істеуі керек, өйткені әңгіме Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі туралы болып отыр. Бұл жарыстардың барлығы қазіргі тілмен айтқанда, еліміздің имиджі мен абыройына, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның, туризмнің және отандық спорт мектебінің дамуына қызмет етеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, биыл Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA – World Anti-Doping Agency) конгресі өтеді. Президент Қазақстанның «таза», допингсіз спортты ілгерілетуге, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізуге көп күш салып жатқанын да атап өтті.
«Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағытының негізінде жатқан әділеттілік идеясымен толық үйлеседі», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әр жеңістің көпжылдық дайындық пен жанқиярлық еңбектің нәтижесі екенін айтып, Ақордаға жиналған барлық спортшыларға ризашылығын білдірді.
«Чемпион атағы спортшыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілген әр адамның жолы кәсіби спортты таңдаған жастар үшін үлгі болады. Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді. Спорт — қоғамдық санаға ықпал етіп, адамның зияткерлік және физикалық қасиеттерін қалыптастыра алатын қуатты күш. Бұл — талассыз ақиқат. Спорт жас ұрпақты тәртіпке, адалдыққа, әділдікке және жауапкершілікке баулиды. Егер жастарымыз белсенді әрі мақсатшыл, ал халқымыз рухы мықты болса, мемлекетіміз де күшейе түседі», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда танымал әрі мойындалған тұлғалардың, соның ішінде спортшылардың жаңа этикалық қағидаттарды ілгерілету мен орнықтырудағы ерекше рөліне назар аударды. Сонымен қатар ол алдағы кезеңге арналған бірқатар міндет қойды.
«Бүгінде қазақстандық спорттың беделі жоғары, әлеуеті зор. Сондықтан бұдан да биік нәтижелерге ұмтылуымыз қажет. Алдымызда төрт жылдық циклдің басты спорттық оқиғасы — Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары тұр. Бұл жаһандық додаға дайындықты қазірден бастап ең жоғары деңгейде жүргізу қажет. Оған спортшылар ғана емес, бейінді министрлік пен спорт федерациялары да белсенді түрде атсалысуы тиіс», — деп атап өтті Президент.