«Реалдың» екі футболшысы «Валенсиямен» матчтан кейін жанжалға ілікті
Мадридтік «Реал» Испания Ла Лигасының 12-турында «Валенсияны» 3:0 есебімен сенімді жеңгенімен, матчтан кейін жұрт назары алаңдағы ойыннан гөрі стадионның ішкі бөлігінде болған оқиғаға ауды. Испаниялық БАҚ мәліметінше, үзіліс кезінде екі команданың өкілдері арасында жанжал шығып, оны тоқтатуға тырысқан қауіпсіздік қызметкерлері зардап шеккен болуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиғаның алғашқы белгілері бірінші таймда-ақ байқалған. «Валенсия» футболшылары Федерико Вальверденің алғашқы голының алдындағы төреші шешіміне наразылық білдірді. Алаң иелері Пабло Маффео мен Килиан Мбаппенің қатысуымен болған эпизодта ойын ережесі бұзылмаған деп есептеген.
Бірінші тайм аяқталғаннан кейін наразылық ашық жанжалға ұласты. «Валенсияның» спорт директоры Браулио Васкес киім ауыстыратын бөлмеге бара жатқан төрешілер алқасынан шешімге қатысты түсініктеме талап еткен. Көп ұзамай сөз таласына екі команданың футболшылары да араласқан.
Marca басылымының мәліметінше, Джуд Беллингем Васкесті төрешілерден алыстатуға тырысып, оның күртешесінен ұстаған. Алайда жағдай одан әрі ушығып, жанжалды тоқтатуға стадионның қауіпсіздік қызметкерлері араласуға мәжбүр болған.
Испаниялық журналист Начо Санчестің Sport басылымында жарияланған ақпаратына сәйкес, ағылшын жартылай қорғаушысы күзетшілердің бірін ұрған, ал Антонио Рюдигер басқа қызметкердің бетінен шапалақпен ұрған деген мәлімет бар.
AS басылымы да германиялық қорғаушының қауіпсіздік қызметкерімен физикалық қақтығысқа түскенін жазды. Журналистер жанжалға қатысқандардың арасында Эдер Милитаоның да болғанын алға тартады. Тәртіп орнату үшін полиция қызметкерлерінің араласуына тура келген.

Дегенмен оқиғаның нақты мән-жайы әзірге толық анықталған жоқ. Испаниялық баспасөздің жазуынша, зардап шеккен күзетшілер бас төрешіге жүгініп, болған жағдайды баяндаған.
Алайда матчтың ресми хаттамасында «Реал» футболшыларының қауіпсіздік қызметкерлеріне қол көтергені туралы дерек тіркелмеген. Төреші тек қабылданған шешімге наразылық білдірген «Валенсия» спорт директорының қатысуымен болған жанжалды көрсеткен.
Егер күш қолдану туралы ақпарат расталып, оқиға тәртіптік тұрғыдан қаралса, жанжалға қатысқан футболшыларға жаза қолданылуы мүмкін. Әзірге Беллингем мен Рюдигерге қандай да бір санкция тағайындалғаны жөнінде ресми мәлімет жоқ.
Еске салайық, «Месталья» стадионында өткен кездесу «Реалдың» 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Мадридтік клуб сапынан Федерико Вальверде, Арда Гюлер және Килиан Мбаппе гол соқты. Ал 79-минутта Хосе Гайя алаңнан қуылып, «Валенсия» ойынды он футболшымен аяқтады.
Осылайша, «Реалдың» сырт алаңдағы сенімді жеңісі стадионның ішкі бөлігінде болған даудың көлеңкесінде қалды. Енді бұл оқиғаның тәртіптік тұрғыдан жалғасын табуы мүмкін.