Ферминнің дублі «Барселонаға» «Атлетиконы» жеңуге көмектесті: матчқа шолу
Мадридтік «Атлетико» Испания Ла Лигасының 12-турында өз алаңында «Барселонадан» жеңілді. «Метрополитано» стадионында өткен кездесу қонақтардың пайдасына 2:1 есебімен аяқталды. Алғаш болып гол жіберген каталониялықтар ойын барысын өзгертіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері кездесуді қарқынды бастады. Алғашқы минуттарда Хулиан Альварес «Барселона» қақпашысы Жоан Гарсиямен бетпе-бет шығып, есеп ашуға жақын болды. Көп ұзамай қос команда да допты қақпа маңдайшасына тигізіп үлгерді. Ал оныншы минутта мадридтіктер дегеніне жетті.
Альварес қапталдан алға ұмтылып, айып алаңына пас шығарды. Қорғаушылардан бұрын допқа жеткен Джулиано Симеоне оны қақпаға бағыттап, «Атлетиконы» алға шығарды. Голдан кейін де алаң иелері бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, басымдығын арттыра алмады.
Бірінші таймның соңына қарай ойын тізгіні біртіндеп «Барселонаның» қолына өтті. Каталониялықтар допты көбірек бақылап, қарсылас қорғанысынан бос кеңістік іздей бастады. Үзіліске санаулы уақыт қалғанда бұл әрекеттер өз нәтижесін берді. Педридің алға жылжуынан кейін доп Фермин Лопеске жетіп, жартылай қорғаушы дәл соққымен есепті теңестірді - 1:1.
Екінші таймда Ханс-Дитер Фликтің шәкірттері қарқынын күшейтті. Френки де Йонгтың алаңға шығуы қонақтардың ортадағы ойынын реттеп, «Атлетиконың» жылдам қарсы шабуылдар ұйымдастыруына кедергі келтірді.
Кездесудің тағдыры 66-минутта шешілді. Ламин Ямаль мадридтіктердің қорғанысын дәл паспен бұзып өтіп, Ферминді қақпамен бетпе-бет шығарды. Давид Ганцконың тасасынан сытылып шыққан испаниялық футболшы Ян Облактың қақпасын екінші мәрте дәл көздеді.
23 жастағы жартылай қорғаушы үшін бұл кездесу ерекше болды. Ол «Барселона» сапындағы Ла Лигадағы 100-матчын дубльмен атап өтіп, командасына жеңіс сыйлады.
Екінші голдан кейін Диего Симеоне ойын барысын өзгертуге тырысты. Мадридтіктер бірнеше ауыстыру жасап, шабуылды күшейту үшін Александер Серлотты алаңға шығарды. Алайда қонақтардың қорғанысы соңғы минуттардағы қысымға төтеп беріп, жеңісті уысынан шығармады.
Статистикалық көрсеткіштер де каталониялықтардың басымдығын аңғартты. «Барселона» допқа иелік ету жағынан 63 пайыздық көрсеткішке жетсе, «Атлетиконың» үлесі 37 пайыз болды. Қонақтар қарсылас қақпасына 19 соққы бағыттады, ал мадридтіктер тоғыз рет соққы жасады.
Испания чемпионаты. Ла Лига. 12-тур
«Атлетико» (Мадрид) – «Барселона» – 1:2 (1:1)
Голдар: Джулиано Симеоне, 10 (1:0); Фермин Лопес, 45 (1:1); Фермин Лопес, 66 (1:2).
Осы жеңістен кейін «Барселона» 33 ұпай жинап, турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. 30 ұпайы бар мадридтік «Реал» екінші сатыда келеді. Ал 28 ұпай еншілеген «Атлетико» үшінші орында тұр.
Келесі турда «Барселона» 22 қарашада өз алаңында «Вильярреалды» қабылдайды. Ал мадридтік клуб сырт алаңда «Хетафемен» кездеседі.