Тоқаев Азия ойындары мен Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XX жазғы Азия ойындары мен V Пара Азия ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы спортшылардың құрлықтық додадағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, олардың жеңісі бүкіл ел үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Президент өз сөзінде қазақстандық спортшылардың халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағанына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әрбір медаль – ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің жемісі ғана емес, миллиондаған отандасымыздың мерейін өсірген зор жетістік.
«Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы спортшылардың табысын елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістермен де байланыстырды. Президенттің пікірінше, Қазақстанның дамуы үздіксіз ілгерілеуді талап етеді. Сондықтан қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, алдағы мақсаттарға ұмтылу маңызды.
Қазақстан Азия ойындары мен Пара Азия ойындарында қалай өнер көрсетті?
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өткен XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын, 24-і күміс және 48-і қола. Осы нәтижемен ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық параспортшылар да құрлықтық жарыста жоғары нәтиже көрсетті. 18–24 қазан күндері өткен V Пара Азия ойындарында отандастарымыз 50 жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль иеленіп, жалпы есепте тоғызыншы орын алды.
Осылайша, Жапонияда ұйымдастырылған екі ірі құрлықтық додада Қазақстан спортшылары барлығы 134 медаль жеңіп алды. Оның 24-і – алтын жүлде.