Ламин Ямаль Чемпиондар лигасында Килиан Мбаппенің рекордын жаңартты
«Барселонаның» вингері Ламин Ямаль Чемпиондар лигасында жаңа рекорд орнатып, 20 жасқа толмаған футболшылар арасында соғылған гол саны бойынша франциялық шабуылшы Килиан Мбаппеден асып түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Испаниялық футболшы тарихи жетістікке 3 қарашада жалпы кезеңнің төртінші турында «Астон Виллаға» қарсы өткен матчта қол жеткізді. Ямаль кездесудің жетінші минутында есеп ашты. Ойын каталондықтардың 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды.
Бұл гол 19 жастағы футболшы үшін Чемпиондар лигасындағы 14-ші доп болды. Осылайша, ол Килиан Мбаппенің бұрынғы рекордын жаңартты. Франциялық шабуылшы 20 жасқа толғанға дейін Еуропаның басты клубтық турнирінде 13 гол соққан болатын.
Ямальға бұл көрсеткішке жету үшін 37 матч қажет болды. Сонымен қатар испаниялық футболшының өз нәтижесін жақсартуға әлі де мүмкіндігі бар. Ол 20 жасқа тек 2027 жылдың шілдесінде толады.
Матч қалай өтті?
«Барселона» Чемпиондар лигасында бұған дейін қатарынан үш матчта жеңіске жеткен «Астон Вилланы» қабылдады.
Каталондықтар ағылшын клубына жеңісті сериясын жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Кездесудің жетінші минутында Ламин Ямаль есеп ашса, үзілістен кейін Рафинья дубль авторы атанды. Ол 52 және 64-минуттарда гол соқты.
Матч «Барселонаның» 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Ал қонақтар бүкіл ойын барысында қарсылас қақпасының тура нысанасына бір-ақ рет соққы жасады.