Тарихи ұпай: «Қайрат» Темірлан Анарбековтің тамаша ойынының арқасында «Пафоспен» тең түсті
21 қазан күні Алматыдағы «Орталық» стадионында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші тур аясында «Қайрат» пен Кипрдің «Пафос» клубтары өзара кездесті. Кездесу голсыз аяқталып, есеп – 0:0 болып тіркелді.
Алғашқы минуттардан бастап алаң иелері басымдықты өз қолына алды. «Қайрат» ойынның қарқынын анықтап, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды, алайда қарсылас қақпашысының шебер ойыны мен сәтсіз соққылар нәтижеге әсер етті. Үшінші минутта «Пафос» он ойыншымен қалды: Жоау Корреа Луиш Матаға қарсы өрескел ойнап, тікелей қызыл қағаз алды. Соған қарамастан, алматылықтар есепті аша алмады.
Кештің басты кейіпкері - қақпашы Темірлан Анарбеков. 22 жастағы қақпашы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде алғашқы ойынын өткізіп, бірнеше қауіпті сәтте команданы құтқарып қалды. Оның сенімді ойыны «Қайраттың» қақпасын аман сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Чемпиондар лигасы. 3-тур
«Қайрат» (Қазақстан) — «Пафос» (Кипр) — 0:0
Бұған дейін алматылықтар алғашқы екі турда жеңіліп қалған болатын : «Спортингтен» (1:4) және «Реалдан» (0:5).