UFC басшылығы Қырғызстанда турнир өткізгісі келеді
UFC басшылығы ұйымның кезекті турнирін Қырғызстанда өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұрынғы чемпион Валентина Шевченконың айтуынша, ұйым басшылығы оның Қырғызстанда жекпе-жектер өткізу туралы идеясын қолдаған.
«Мен UFC турнирінің Қырғызстанда өткенін өте қалаймын. Өз тарапымнан бәрін жасап қойдым. UFC басшылығы менің идеямды қолдады, бұл ұсыныс оларға қатты қызығушылық тудырды. Ұйымдастырушылар екі тараптан да ортақ келісімге келе алады және біз UFC турнирін Қырғызстанда көреміз деп үміттенемін», – деді Шевченко Ыстықкөлде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында журналистерге.
Айта кетейік, Валентина Шевченко – танымал кәсіби спортшы, UFC-нің әйелдер арасындағы ең жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы және аралас жекпе-жектен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. 2018 жылы спортшы UFC чемпионы атанып, кейін титулын бірнеше рет сәтті қорғады.
Айтпақшы, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар UFC өкілдерімен алдағы келіссөздер туралы мәлімдеген еді.