Алматының орнына Бішкек: Шакира Қырғызстанда өнер көрсетеді
Латынамерикалық жұлдыз әнші Шакира жақын арада Бішкекте өнер көрсетуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шакира «Бішкек Аренада» ауқымды концерт беруі мүмкін. Бұл туралы Қырғызстан президентінің іс басқарушысы Қаныбек Туманбаев мәлімдеді. Шенеунік Instagram желісінде жұлдыз әншімен бірге түскен видеоны жариялап, оған: «Жақында Bishkek Arena-да! Күтесіздер ме?» деп жазды. Алайда әншінің Қырғызстан астанасындағы өнер көрсетуінің ресми күні әзірге жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін әншінің Алматыда концертпен өнер көрсетуі мүмкін деген қауесет кең тараған еді. Алайда осы уақытқа дейін бұл ақпаратқа қатысты ешқандай ресми растау болған жоқ.
Сондай-ақ Шакира ұзақ уақыт бойы «Барселона» мен Испания құрамасының бұрынғы қорғаушысы Жерар Пикемен қарым-қатынаста болды. Жұп өздерінің қарым-қатынасын 2011 жылы көпшілікке жария етті және он жылдан астам уақыт бірге тұрды.
Колумбиялық әнші — 2010 жылы футболдан әлем чемпионатының әнұранына айналған Waka-Waka әнінің авторы. Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионаты аяқталғанына 16 жыл өтсе де, композиция жанкүйерлер арасында әлі де танымал. Оны әлеуметтік желілерден әлі күнге дейін кездестіруге болады.