Өз адамдарыңды ұр да, өзгелер қорқып жүрсін: «Қайсар» ойыншылары алаңда төбелес шығарды
ҚПЛ-дің 25-турындағы сәтсіз нәтижеден бөлек, «Қайсар» ойыншылары футбол алаңында өзара жанжалдасып қалды, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
Кездесу 2:0 есебімен «Алтайдың» пайдасына аяқталды. Ал қызылордалық команданың ойыншылары эмоцияға берілді. Нурдаулет Агзамбаев пен Нурали Жаксылык өзара жанжалдасып, футбол алаңының дәл ортасында бір-бірін итере бастады. «Қызуқанды» ойыншыларды қарсылас футболшыларымен қатар, өз командаластары да ажыратуға мәжбүр болды. Оқиғаның видеосын төменнен көруге болады.
Еске салайық, «Алтай» өз алаңында Стойсавлевич пен Поповтың голдарының арқасында сенімді жеңіске жетті.
Бұл нәтиже Өскемен командасына ҚПЛ-дің төмендеу аймағынан шығып, маусым соңындағы жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Ал «Қайсар» үшін бұл жеңіліс аса ауыр болды. Қызылордалық команда 20 ұпаймен қалып, Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде соңғы орынға түсіп қалды.
Келесі турда Қызылорда командасы 12 қыркүйекте өз алаңында «Атырауды» қабылдап, турнирлік жағдайын жақсартуға тырысады.